2023 жылғы шілде айының 31 мен тамыз айының 5 күндері аралығында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Су бетіндегі сұлулық» тақырыбында суретшілердің табиғат аясында республикалық пленэрі өткізілді.
«Су бетіндегі сұлулық» пленэрі атауыныңмәні мен мазмұнына сай, Атырау қаласынан бастау алып, Құрманғазы ауданының орталығы Құрманғазы селосы арқылы жалғасын тауып, Қиғаш өзенін бойлаған ел келбетін, Қиғаш, Шаронөзені аңғарын, кескін-келбетін кенеп бетіне түсіруге арналды.
Пленэр мақсаты: қызыл кітапқа енген лотос гүлінің алқабы орналасқан Құрманғазы ауданындағы лотос гүлі алаңын, әдемі сұлулықтықылқалам шеберлерінің қатысуымен кенеп бетіне түсіру; жаңа туристік нысанға айнала бастаған нысанмен жақын танысу және су бетіндегі сұлулықты бояулар үндестігімен беру арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосу; туған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру; суретшілер арасында ынтымақтастықты нығайту және шығармашылық тәжірибе алмастыру, музей қорын танымал суретшілердің туындыларымен толықтыру.
Пленэрге республикамыздың түкпір-түкпірінен белгілі 10 суретші қатынасып, өз шығармашылығымен тәжірибе алмасты.
Атап айтқанда, Атырау қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі,көптеген республикалық, облыстық көрмелердің қатысушысы Арыстанов Исім Нұрлығайнұлы, Ақтөбе қаласынан ҚР Суретшілер одағының мүшесі, көптеген қалалық және аймақаралық пленэрлер мен симпозиумдардың қатысушысы Русановский Вячеслав Анатольевич, Атырау қаласынан белгілі суретші, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде бейнелеу өнері студиясының суретші-мұғалімі, көптеген республикалық және облыстық көрмелердің қатысушысы Дәукенов Елеуғали Тұрсынғалиұлы, Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Ведерников Максим Владимирович, Атырау қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Абзалов Сағын Көпжасарұлы, Алматы қаласынан белгілі суретші, көптеген көрмелердің қатысушысыӘбішев Нұрлан Болатұлы, Қызылорда қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген республикалық көрмелердің қатысушысы Айтбаев Дулат Бақытбекұлы, Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Батан Шаттық,Алматы қаласынан Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі. Еуразиялық дизайнерлер Одағының мүшесі. «Астана Дарыны-2017» жастар премиясының жеңімпазы, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Молдабеков Жеңіс Нұртасұлы, Атырау қаласынан талантты жас дарын, белгілі суретші, көптеген көрмелердің қатысушысы Ғалымжан Бақтияр Бекболатұлы.
Республикалық пленэрге қатысушылар шілденің 31-і күні Атырау облысы, Құрманғазы ауданына сапарға шықты. Ресеймен шекаралас орналасқан аудан тарихы, Лотос плантациясы туралы деректер жол бойы пленэрге қатсушыларға түсіндіріліп, мәліметтер берілді.
Тамыздың 1-2-і күндері демалыс базасы жанынан қайықпен аттанып, лотос алаңын кенеп бетіне түсірген қылқалам шеберлері түсірілген эскиздік жұмыстар бойынша түстік шешімдерді нақтылап, әдемі көріністі, Қиғаш және Шарон өзені бойы аңғарынан табиғат көрінісін кенеп бетіне келтіре жазды. «Су бетіндегі сұлулықтан» композиция жасады.
Тамыздың 3-і күні пленэр қатысушыларына Атырау облыстық тарихи-өлкетану және Шаймардан Сариев атындағы Өнер музейінде экскурсия жүргізілді. Атырау өңіріндегі қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштер мен тарихи орындарды тамашалап, қаланың көрікті орындарымен танысты.
Тамыздың 4-і күні пленэр барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.
«Су бетіндегі сұлулық» атты суретшілердің республикалық пленэрінен түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Тауфиқұлы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Барлыққатысушыларға алғыс хат және 250 мың теңгестипендия табыс етілді. Салтанатты шарадаАлматы қаласынан келген, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысыВедерников Максим Владимирович сөз алып, жаңа туристік брэндке айналдыруға болатын өлке, бұл – Құрманғазы ауданындағы Қиғашты жағалай жайқала біткен лотос плантациясы екендігін, бұл туристік базаға айналатын әдемі мекен екендігін атап өтті.
Суретшілер кенеп бетіне түсірген «сұлулық» шынында таңдай қақтырарлықтай көздің жауын алса керек. Сол сұлулықты пленэрге қатысушылар өз көзімен көріп тәнті болды. Айта кетейік, су ортасында өсетін лотос таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды. Тіпті оның емдік қасиеті бар деп есептеледі. Алайда, лотос гүлін жұлуға болмайды. Себебі ол еліміздегі сирек кездесетін өсімдіктердің тізімінде «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Сапар сәтімен ой бөлісу үшін ортаға шыққан Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Арыстанов Исім Нұрлығайнұлы су бетіндегі сұлулықты бояулар үндестігімен беру қылқалам шеберлеріне үлкен жауапкершілік артқанын, пленэр арқылы ішкі туризмді дамытуға өз үлестерін қосқандығын және де туған өлкеге деген сүйіспеншілік арта түскенін мәлім етті.Сондай-ақ салтанатты кеште Қызылорда қаласынан келген суретші Айтбаев Дулат Бақытбекұлы Шаймардан Сариев атындағы Өнер музейіне «Музейге сый» акциясы бойынша алдын-ала аталған тақырыпқа арналған өзінің ерекше бір туындысын табыс етті. Сыр елі күріш дақылымен атағы шыққан өңір. Аталған туындыда лотос гүлін күрішті пайдалана отырып аралас техникада бейнелеген екен. Ерекше туынды Өнер музейінің қорына сыйға тартылды.
Шара барысында Атырау қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің көркемөнерпаздары мен бишілер тобы өнер көрсетті. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры «туристік брэнд» - лотос гүлі бейнеленген кенептегі 21 тың туындымен толықты. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен кейін музей меймандары көрмені тамашалады.