2024 жылдың 10 қантар күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы Өнер музейінде «Қысқы өрнектер» тақырыбында музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Көрменің мақсаты: көрмеге келген оқушылар мен көрермендердің музей қорындағы туындыларға қызығушылығын арттыру, табиғат құбылысының әсемдігін көре білуге, қабылдауға, оған қамқорлық жасауға баулу.
Табиғаттың әр маусымы ерекше. Соның ішінде қыс мезгілі өзіндік кіршіксіз аппақ қарымен, қаһарлы мінезімен, сықырлаған аязымен ерекшеленеді. Қыс – тазалық пен пәк көңілдің, тұнықтық пен тылсым құбылыстың мезгілі. Төрт мезгілдің ішіндегі ең ұлы пейзажды жасайтын да қыс. Қаңтарда қақап, ақпанда сеңі соғылып, наурызда қоштасатын мезгілдің сұлулығын ақындар өлеңдеріне арқау етсе, суретшілер кенеп бетіне өз қиялдарында ерекше бейнелейді.
Аталған шараға музей қорынан С.Саносянның «Ақбас тау», А.Айтмағамбетовтың «Қысқы балық аулау», Қ.Досниязовтың «Мұз қоймасы», Н.Наседкиннің «Тон киген қыз», С.Романовтың «Әйел портреті» және т.б. осы секілді туындылары қойылды.
Көрмені тамашалауға М.Ломоносов атындағы орта мектептің 7,8 сынып оқушылары, қала тұрғындары келді.
Экскурсия жүргізушісі: Ә.Асқарқызы музей залдары бойынша экскурсия жүргізді.