2024 жылдың 18 маусым күні сағат 19.00-23.00 аралығында Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Музейге саяхат» тақырыбында шара ұйымдастырылды.
«Музейге саяхат» атты шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – өнерді дәріптеу, ұмытылмас мерекені ұйымдастыру арқылы көпшілік назарын музей ісіне аудару, суретшілер мен қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында көпшілік назарына олардың туындыларын ұсыну.
«Музейге саяхат» барысында көрермендер музей залдарында түрлі шеберлік сағатына қатысып, тарихи тұлғалар кейпіндегі сахнагерлермен «Жанданған картина» жанында жүздесе алды. Өнер әлемі тақырыбына арналған кинокөрсетілім көрді. Сондай-ақ, қолөнершілердің саз балшықтан құмыра жасау, батик жанры, зергерлік өнер, ұлттық нақыштағы киімдер тігу, ағаш бұйымдарының шеберлік сағаты бойынша қызықты жәйттердің куәсі болды. Бұдан басқа да көптеген қызықты, танымдық шараларға белсене қатысты.
Ал бұл күнгі кештің көркін қыздырып, шырайын келтірген кеш қонағы, сонау Алатаудың баурайынан, жер жаннаты – Жетісу жерінен жеткен танымал суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Оралбек Қабөке! Атыраулықтар алдында кілем бетін бояулармен бедерлеп, бейнелеп, өз өнерін ортаға салды.
Салтанатты кеште Шаймардан Сариев атындағы Өнер музейі басшысы Төлеген Орынбасарұлы сөз сөйлеп, Ш.Сариев өнер музейінде атқарылған іс-шараларда белсенділік танытқандығы үшін қылқалам және қолөнер шеберлеріне, өнер жанашырларына ризашылығын білдіре отырып, алғыс хат табыстады.