2024 жылдың 27 қараша күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Қолөнер шебері» тақырыбында белгілі қолөнер шебері Жұмалиев Талғат Серікбайұлының шығармаларына арналған дәріс сағат өтті.
Дәріс сағаттың мақсаты – ел мәдениетінің мәйегі саналатын қолөнер шеберлігін таныту және туындыларды таныстыру. Шебер осы уақытқа дейін 500-ге жуық туындыны жасап шығарған. Бұйымдардың ішіндегі ерекшесі қару іспетті садақ. Құрылымы көне әдіс бойынша ерен ағашынан істелген.Оған бұл кәсіп әке қанымен берілген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің "суретші-педагог" мамандығына білім ала жүріп, қосалқы еңбекке араласқан студент жігіт әкесінің ағаш шеберханасында оған көмекші болды..
Жоғары білім алған соң Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Құрманғазы ауданына қарасты бөлімшесінде еңбек етті. Кейін жеке кәсіпкерлікті дамыту мақсатында "Алтын сандық" қолөнер шеберханасын ашты.
Қолөнер шебері 2015 жылы "Халық өнері — асыл қазына" атты қолөнер шеберлерінің облыстық сайысында бас жүлдені иеленеді. Ал Талғаттың ең ірі жеңісі — туындыларының Астанада өткен "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі төрінде орын алуы оның шеберлігін көрсететіні анық.
Дәріс сағатты музей көрермендері тыңдады.