2025 жылдың 29 тамыз күні Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 30 тамыз - «Конституция күніне» арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата заң!» тақырыбында дәріс-сағат өтті.
Дәріс-сағаттың мақсаты – Еліміздің Ата заңы жөнінде түсінікті тереңдету, Конституция ұғымы, тараулары, қабылдануы, қазіргі кездегі қолданысы жөнінде өскелең ұрпаққа түсіндіру, Ата заңымызға деген құрметті нығайту.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл құжат еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Қазақстанның Конституциясы мемлекеттің құрылымын, билік тармақтарының өкілеттіктерін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын негізгі құжат ретінде қалыптасты.
Конституция – бұл еліміздің негізгі заңы. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттің құрылымын, билік тармақтарының өкілеттіктерін айқындайды. Конституцияның қабылдануы Қазақстанның құқықтық және саяси жүйесінің дамуына маңызды әсер етті.
Қазақстан тарихында Конституцияға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұл өзгерістер қоғамның дамуына, заман талабына сай қажеттіліктерге байланысты жасалды. Әрбір өзгеріс елдің демократиялық принциптерге негізделген даму жолын көрсетуге бағытталған. Конституция – бұл тек құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге ол біздің азаматтық қоғамымыздың негізі. Әрбір азамат Конституцияны құрметтеуге және сақтауға міндетті. Конституцияның негізгі принциптерін ұстану арқылы ғана біз әділетті, демократиялық және өркендеген мемлекет құра аламыз.
Дәріс-сағатқа Атырау қаласының мектептерінен оқушылар қатысты.