2025 жылғы қыркүйек айының 20 күні Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен республикалық «Шебер – FEST 2025» атты шеберлер мен қолөнершілердің фестивалі өткізілді.
Фестивальды ұйымдастырудағы мақсат – халықтық қолөнерді, салт-дәстүр, мәдениетімізді насихаттай отырып, халқымыздың саф өнерін жас ұрпақтың бойына сіңіру және дәріптеу. Оған қоса, облыс орталығы Атырау қала¬сын¬дағы мәдени іс-шараларға үлес қосу.
Ұлттық мәдениетіміздің рухани құндылықтарын, ұлт мәдениеті мен өнерінің бай мұрасын, даму кезеңдерін, дәстүрін жас ұрпаққа таныстыруды қолөнер шығармашылығын насихаттауды мақсат еткен осынау шараға республиканың әр өңірінен 15 және жергілікті жерден 35, барлығы 50 өнер өкілдері, белгілі қолөнер шеберлері қатынасуда.
Қолөнер туындыларын халық арасында насихаттап, қолөнер мен қолөнершіні танымал ету мақсатын алдына қойған Республикалық «Шебер – FEST 2025» атты шеберлер мен қолөнершілердің фестивалін Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әділғалиев Арман Бағытжанұлы салтанатты түрде ашып, фестиваль-көрме жұмысына сәттілік тіледі. Егеменді ел болғалы бері қолөнер саласы зерттеліп, заманға сай өз бағытымен дамуда. Атадан балаға мұра болып жеткен осы асыл өнерімізді өскелең ұрпаққа танытып, насихаттап, өнер үйренемін деген жас буынға қолөнер шеберлігін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатқан қолөнер шебері, Шымкент қаласынан келген, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының ОҚО филиалының төрағасы Бейсбеков Болатбек Бектасұлы, Ақтөбе қаласынан келген, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Юнеско Сапа белгісінің иегері, «CACSA» Орта Азия қолөнер шеберлерінің ассосациясының мүшесі Ерқосай Абилов сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қолөнер шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған фестиваль-көрме атадан балаға жеткен қолөнер саласының дамуына оң ықпалын тигізетінін, сол арқылы бабалар мұрасын ұлықтаудағы маңыздылығын атап өтті. Қолөнер – халқымыздың көне тарихынан сыр шертетін мәңгілік мұра. Әрбір шебердің қолынан шыққан туынды – ұлттың шежіресі, мәдениетіміздің мәйегі. Бүгінгі фестиваль – осынау бай мұрамызды қайта жаңғыртып, қолөнердің қыр-сырымен таныстыратын, шеберлердің өнерін паш ететін тамаша алаң. Мұнда дәстүр сабақтастығы жалғасып, өскелең ұрпақ ұлттық өнерден нәр алады.
Шара барысында «Меруерт» би тобы және облыс өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.
Халқымыз өнерді бағалап, «Өнерлінің қолы алтын» дегендей, еліміздің әр өңірінен келген майталман шеберлеріміздің қолынан шыққан бұйымдарын қарап, көрмесін көріп, шеберлік-сағаттарын және ұлттық ойындарды тамашалады.