«Жаныңдамын» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Индер ауданынан келген 30 еңбек ардагері Атырау қаласындағы бірқатар мәдениет нысандарын тамашалады. Шараның негізгі мақсаты – ардагерлерге рухани демалыс сыйлап, туған өлкеміздің мәдени құндылықтарымен жақын таныстыру.
Бүгін ардагерлердің бір тобы Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне аялдады. Музейде сақталған кескіндеме, мүсін, қолөнер туындыларымен танысып, өңіріміздің және еліміздің өнер тарихынан мол мағлұмат алды.
Ардагерлер мәдени орданың көркем жәдігерлерін тамашалай жүріп, музей қызметкерлерінен тың ақпарат естіп, рухани азық алды. Өз кезегінде олар осындай игі шара ұйымдастырған «Жаныңдамын» қоғамдық қорына ризашылықтарын білдірді.