1.06.2021 күні сағат 11:00 де Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» арналған музей жанындағы көркемсурет студиясы оқушыларының «Балалық шақ базары» атты байқау-көрмесі өткізілді. Оған кіші және ересек топтағы 6-18 жас аралығында студия оқушылары қатысты.
Байқау-көрме мақсаты: сурет салуға икемі бар, талабы мен шеберлігі жоғары, қылқалам иесі болуға үміткер жас дарынды балалардың талабын ұштау.
Байқауға Өнер музейі жанындағы көркемсурет студиясы оқушыларының 39 жұмысы қабылданды. Байқауда әділқазылар алқасының төрағасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу өнері және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Қарабалин Оразбай Төлегенұлы, әділқазы алқасының мүшелері музей қызметкерлері, өнертанушы Кәмшат Тоғаева және қор сақтаушы Шынар Лұқпанова қазылық етті. Кіші және ересек топтан барлығы 6 оқушы жүлделі орындарды иемденді. Атап айтқанда кіші топтан «Қайта оралмас балалық шақ!» тақырыбындағы суретімен 9 жастағы Мұғау Омархан І орынды, 8 жастағы Арыстанұлы Ағарыс «Балалық шағымның құлынмен өткен көріністен үзінді» тақырыбындағы суретімен ІІ орынды және 6 жастағы Беккалиева Мадина «Сурет салу – бала күннен ермегім» атты суретімен ІІІ орынды иемденді. Ал ересек топтан І орынды «Жайлауда» суретімен 12 жастағы Қайыржан Ақмаржан, ІІ орынды «Көлдің жағасы» атты суретімен 12 жастағы Қиса Қарлыға, ІІІ орынды «Happyland» - «Счастливая страна» тақырыбындағы суретімен 11 жастағы Махмутова Дильназ жеңіп алды. 6 жеңімпаз алғыс хатпен және бөлек барлық қатысушыға мадақтама және ынтыландыру сыйлықтары табыс етілді.