2021 жылдың 10 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырып отырған Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Сырлы әлем – бояулар құдіреті» тақырыбындағы көрме өтті.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат: Қазақстан бейнелеу өнері мен ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық қоғамдық бірлестігі бойынша Суретшілер Одағына тіркелген жергілікті қылқалам шеберлерінің, қолөнер шеберлерінің туындыларын кеңінен насихаттау, рухани құндылықты жаңғыртып, Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау; суретшілер арасында ынтымақтастықты нығайту және шығармашылық тәжірибе алмасу; Ш.Сариев атындағы Өнер музейі мен ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастықты нығайту; қылқалам шеберлерінің өнерін насихаттау. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан өзін тәуелсіз елміз деп жариялады. Еліміз Егемендік алған 30 жыл ішінде аумалы-төкпелі кезең халқымызға біраз қиындықтар мен еңсеретін сынақтарды алып келді. Бірақ ұлт тағдыры қанша рет тарих толқынына түссе де еліміз сын сағаттарда сабырлылық танытты. Ең бастысы жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа егемен ел, тәуелсіз ұлт болып қадам басты. Бұл ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухты еңбегінің жемісі. Бүгінгі көрмеде жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінің әр жылдардағы тәуелсіздік тартуы ретінде дайындалған құнды 46 туынды орын алды. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын, қоғаммен бірге дамыған өнер әр кезеңнің өшпес ізін қалдырып отырды. Әр түрлі шығармашылық сипаттағы және әр түрлі темпераментті өнер иелерінің өз талантын күрделі және көп қырлы техникада қалай суреттелетінін экспозиция айқын көрсетеді.
Осындай тың туындылар жинақталған көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Отаралиев Айса Бахтиярұлы атыраулық өнер иелерінің туындылары қойылған аталған көрме мәдени тұрғыда атқарылған игі істердің қорытындысы, суретшілердің, қолөнер иелерінің халық алдында қорытынды есеп беруі іспетті ұйымдастырылған шара екендігіне тоқталып өтті. Бұдан әрі ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет Өтемісұлы атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты Бақтыгерей Телеубай, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Тілек Халин, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының және Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының корреспондент мүшесі Кендір Отарбай Қанатұлы жүрекжарды тілектерін жолдады. Қазіргі таңда Шаймардан Сариев атындағы Өнер музейі Атырау өңірінің мәдени ағарту орталығына айналды. Өнер музейі көп және жан-жақты байланыстары, тұрақты экспозициясымен қатар, облыс суретшілерінің және Қазақстан шеберлерінің жұмыстарының жеке көрмелерін жиі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі көрмеде Атырау суретшілерінің туындылары жарық көрген «Сырлы әлем – бояулар құдіреті» тақырыбындағы каталогының тұсаукесер рәсімі Бақтыгерей Телеубай, Кендр Отарбай және Жұмабаева Эльмира Махметқызына жолданды. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен соң қала тұрғындары мен меймандары және Атырау құрылыс-энергетика колледжінің студенттері көрмені тамашалады.