2023 жылдың 14 сәуір күні сағат 15.00-де Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жастар шығармашылығы орталығы» МКҚК «Атамекен» Өнер ордасында «Әр суретте өмір сәулесі» атты музей қоры туындыларынан жасақталған көрменің ашылу салтанаты өтті.
Мақсаты: Қазақстан бейнелеу өнері мен музей қоры туындыларын кеңінен насихаттау, музейаралық қатынастарды нығайту, рухани құндылықты жаңғыртып, Орал қаласының тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау. Мәдениет пен тарих арқылы тұлғаның дүниетанымын кеңейту. Экспозицияда композициялық тақырыптар мен Қазақстанның өткені мен бүгіні астасып жатыр.
Шаймардан Сариев атындағы Өнер музейі елімізге аты кеңінен таныс қылқалам шеберлерінің жұмыстарымен жыл сайын толығып келеді. Көрмені салтанатты түрде ашқан музей басшысының орынбасары Назгүл Төлегенқызы жылжымалы көрменің музейлер арасындағы ынтымақтастықты арттыру, өзара байланысты нығайту мақсатында өткізіліп отырғандығына тоқталды.
Салтанатты шарада сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Дүйсенов Сайран Темірғалиұлы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ардагер ұстаз Құлбеков Сатыбалды Қажымұратұлы мұндай шараны ұйымдастыру екі өнер ордасының арасындағы байланысты нығайта түсетініне тоқталып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Шарада Тимур Меңдіғалиевтің жетекшілігіндегі «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі өз өнерлерін ортаға салды.
Көрмеге Ш.Сариев атындағы өнер музейі қорындағы Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің заманауи өнер туындылары ұсынылып отыр. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын, қоғаммен бірге дамыған өнер әр кезеңнің өшпес ізін қалдырып отырды. Әр түрлі шығармашылық сипаттағы және әр түрлі темпераментті суретшілердің өз талантын күрделі және көп қырлы техникада қалай суреттелетінін экспозиция айқын көрсетеді.
Көрмеге Ш.Сариев атындағы өнер музейі қорындағы Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің 65 заманауи өнер туындылары ұсынылып отыр. Көрме ұйымдастырушылары бұрын көпшілікке беймәлім авторлардың кескіндемелік туындыларын мүмкіндігінше кеңірек таныстыруға ұмтылды.
«Әр суретте өмір сәулесі» көрмесі бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда кескіндеме жаухарларын көріп, түсінуге мүмкіндік береді. Шығармашылықпен айналысатын әрбір адам жұмбақ, көптеген ғалымдар оның құпиясын ашуға тырысқанымен, оны толық қанды біле алмаған, сондықтан көрермендерді біртума туындыларымен көзбе-көз танысып өзіндік әсер алуға өнер әлеміне шақырамыз. Аталған көрме сәуір айының 30-на дейін жалғасатын болады.