2023 жылдың 27 сәуір күні Атырау төрінде Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Астана қаласындағы «Sal seri» галереясының «Жаңа жол таңбасы» тақырыбындағы жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Бүгінгі Ш.Сариев атындағы Өнер музейіндегі көрме жылжымалы көрменің үшінші кезеңі. І кезеңі - 2021 жылғы қазан - 2022 жылғы наурыз: Дубай қ., БАӘ, ЭХРО, Қазақстан Республикасы елшілігінің павильонында өткен, ІІ кезеңі Семей қаласындағы «Невзоровтар отбасы Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінде», Алматы қаласындағы «Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде», Шымкент қаласындағы «Бейнелеу өнері музейінде» өткен.
Бүгінгі көрмеде алғаш рет шәкірттеріне қалдырылған "Бекет-Ата" асатаяғының түпнұсқасы ұсынылды. Накешевтер отбасында сақталған Бекет ата асатаяғы ұрпақтан-ұрпаққа мұқият беріліп келеді. Ол «Көк аса» атты атауына сай жасыл темірден жасалған, ұзындығы 1,3 м болатын 4 беті бар. Беттердің бірінде иыққа тағуға арналған, белбеу салынған екі тұғыршығы бар. Таяқтың төменгі ұшы тарылған және үшкір. Тұтқасы күмістен жасалған, оған гравировка тәсілі мен таңба салынған. Асатаяқ үлкен жобаның бөлігі ретінде инсталляция ретінде қойылған. Асатаяқ жаңа жолдың символы болып табылады.
Шығармашылық және гуманистік дүниетаным арқылы Sal – Seri галереясының "Жаңа жол таңбасы" атты көшпелі көрмесі әлемге өнердің адамзаттың бірлігі мен оның табиғатпен үйлесімділігі идеясын тәрбиелеуге қабілетті қозғаушы күш ретіндегі әлеуетін көрсетеді. Көрме қоғамның жаңа санасын қалыптастыру идеяларын қамтиды.
Ұсынылған жобада суретші Армат Бектастың жаңа стильде орындалған жұмыстары, ұлттық идеяны визуализациялаудың негізі ұсынылады және шәкірттерінің жұмыстары койылады. Шәкірттері мен пікірлестері өмірдің әртүрлі салаларында өткен және өнерге өмірлік тәжірибе арқылы келген.
Бұл жоба кәсіби көркемдік білімі жоқ орта және үлкен жастағы адамдардың шығармашылығы арқылы өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін көрсете отырып, эстетикалық, тәрбиелік аспектіні де, әлеуметтік аспектіні де ашады. Алдыңғы кезеңдер көрермендердің жылы лебізін білдіріп, бейнелеу өнері бойынша жаңа оқу орындарын ашуға жігерлендіреді. Сондай-ақ, БАҚ тарапынан бұл жобаның жаңа Қазақстанның әлеуметтік өмірі үшін өзектілігі көрсетіледі.
Ш.Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Sal – Seri галереясының «Жаңа жол таңбасы» тақырыбындағы жылжымалы көрмеде "Абстракция" және "Реализм" жанрларында 35 көркем шығарма ұсынылған.
Көрмені салтанатты ашу үшін Атырау облыстық Мәдениет,тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшы орынбасары Әсия Баянқызына сөз берілді. Шарада ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Sal Seri галереясының кураторы, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің оқытушысы Армат Бектас, «Жаңа жол таңбасы» көрмесінің үйлестірушісі, суретші Қандықбаева Эльмира және Бекет Ата шәкірт ұрпақтарының өкілі Накеш Әлібек сөз сөйледі.
Жылжымалы көрме ашылуында Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенттері Құлымжан Айжұлдыз Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әнін және Жеңіс Наргиз «Ойланшы өзің» халық әні орындады.
Лента қию рәсімі Әсия Баянқызына, Армат Бектас мырзаға және Накеш Әлібек мырзаға берілді.
Көрме аясында 28 сәуірде қысқа мерзімде оқытудың өзіндік әдісін жасаған 20 жылдық оқыту тәжірибесі бар Армат Бектастың жетекшілігімен кескіндеме негіздері бойынша тегін мастер-класс өтеді. 29 сәуірде жаңа бастаған суретшілерді "Шабыт "өнер университетіне түсу" дөңгелек үстеліне шақырады.
Көрме сәуір айының 30-на дейін жалғасатын болады.