⚜️2025 жылғы 31 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде белгілі қазақстандық график-суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының академигі Зәкіров Қайырбай Қонысбайұлының шығармашылығына және оның рухани іліміне арналған «Менің өлкем, менің қайнар көзім, менің жолым...» тақырыбында дәріс-сағат өтті.
⚜️Дәріс-сағаттың мақсаты — студенттер мен музейге келушілерге қазіргі қазақстандық графикалық өнердің ең көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Қайырбай Зәкіровтың өмірімен және шығармашылық мұрасымен таныстыру.
⚜️Дәріс-сағат барысында суретшінің туған жерімен байланысы, Арал табиғаты мен ұлттық дәстүрлердің суретшінің дүниетанымы мен көркемдік стилінің қалыптасуына тигізген ықпалы ашып көрсетілді. Әсіресе оның шығармашылығындағы философиялық тереңдік, символизм мен метафорикалық ойлау, түрлі жылдары орындалған графикалық циклдерде көрініс тапқан ерекшеліктерге назар аударылды.
⚜️Іс-шара аясында тыңдаушыларға суретшінің алғашқы циклдері — «Ұлбалының бақыты», «Теңіз туралы аңыз», «Базар-жырау» жөнінде мәлімет ұсынылды. Бұл еңбектерінде автор туған өлке тақырыптарын, адам мен табиғаттың үйлесімін бейнелейді. Сондай-ақ кейінгі кезеңдегі философиялық еңбектері, соның ішінде оның шығармашылығындағы маңызды орын алған және қазіргі өркениеттің қайшылықтары мен адамдық құштарлықтардың табиғатын ашатын «Минотаврлар марафоны» атты әйгілі циклі қарастырылды.
⚜️Дәріс-сағат Қайырбай Зәкіровтың ұлттық мәдениет дәстүрлерін заманауи көркемдік ізденістермен шебер ұштастырған өнер иесі ретіндегі маңызын айқындады. Ішкі драматургияға, мифологиялық сарындарға және философиялық ойтолғамдарға толы оның еңбектері Қазақстан музейлерінің қорларынан және шетелдік коллекциялардан ерекше орын алады. Дәріс-сағат соңында студенттерге суретшінің шығармашылық тақырыптарына арналған және отандық графиканың дамуына оның ықпалын көрсететін музей қорындағы туындылары ұсынылды.
⚜️Дәріс-сағатқа Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің I курс студенттері қатысты. Шара барысында студенттер қызығушылық танытып, өзара сұрақ-жауап алмасты.
















