2026 жылғы 7 қыркүйек күні Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен NCOC компаниясының Атырау қаласындағы Riverside кеңсесінде «Отбасы» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын көрсету және бейнелеу өнері арқылы отбасының қоғамдағы ерекше орнын айшықтау.
Көрме барысында Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейі қорынан алынған қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Атап айтқанда, Аманов Қамбарбектің «Дастархан», «Киіз басу», «Ымырт», Аралбаев Жоламанның «Күту», «Қалыңдық», Даукенов Елеуғали Тұрсынғалиұлының «Отаның тыныш – сен тыныш», Досниязов Қабдолдың «Беташар», Баяндин Әділғалидың «Отбасы», «Жас отбасы», Маханбетов Сейсенханның «Отбасы», «Жас отбасы», Евгений Невежиннің «Өткенді еске алу», Кененбаев Молдахмет Сыздықұлының «Туған ауылда», Қалимов Мұхиттың «Дария-Толқын», Халин Тілек Қалыұлының «Біздің шарбақ» атты туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Экспозицияға қойылған шығармаларда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, отбасылық құндылықтары, туған жерге деген сүйіспеншілік пен адам өміріндегі отбасының маңызы көркемдік тұрғыда бейнеленген.
Көрме көрермендерге бейнелеу өнері арқылы отбасы ұғымының терең мәнін сезінуге, ұлттық құндылықтар мен дәстүрге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
















