2026 жылдың 29 қазан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында «Әділдіктің бояуы» тақырыбында мектеп оқушыларының облыстық байқау көрмесі өткізілді.
Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығы мен әділдік туралы түсінігі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Көп жағдайда балалар заңның не үшін қажет екенін, әділдік пен жауапкершіліктің өмірдегі рөлін терең ұғына бермейді. Құқықтық мәдениеттің төмендігі – тәртіп бұзушылықтың, жанжалдың, өзгенің құқығын құрметтемеудің басты себептерінің бірі.
Осыған орай оқушылар арасында әділдік, шыншылдық, құқыққа құрмет сияқты құндылықтарды ерте жастан сіңіру қажеттілігі туындайды. Балаларға бұл ұғымдарды құрғақ түсіндіруден гөрі, олардың қиялына, эмоциясына, шығармашылық қабілетіне әсер ететін өнер арқылы жеткізу тиімді.
Көркем өнер – баланың ішкі ойы мен сезімін еркін жеткізетін әмбебап құрал. Бояулар тілі балаларға әділдікті, тәртіпті, құқықты өзінше сезінуге, түсіндіруге мүмкіндік береді. Осы байқау-көрме жас өрендердің әділдік туралы түсінігін қалыптастыруға, оларды ойландыруға, қоғамдағы өз орнын сезінуге және дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеуге бағытталған..
Байқау-көрменің мақсаты:
Жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру;
Әділдік пен тәртіптің қоғамдағы маңызын көркем өнер тілімен жеткізуге мүмкіндік беру;
Балалардың қиялы мен шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, заңға құрмет сезімін қалыптастыру;
Әділдік, адамгершілік және жауапкершілік құндылықтарын түрлі-түсті бояулар арқылы бейнелеуге ынталандыру;
Өз суреттерінде буллинг, лудомания, вандализм тақырыптарын қамтып, аталған әлеуметтік мәселелерге шығармашылық көзқараспен ой қосу.
Көрмені Атырау облысы Ш.Сариев атындағы өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы салтанатты түрде ашып, бұл байқау оқушылардың құқықтық мәдениетінің артуына, әділдік, заң, құқық және жауапкершілік туралы түсініктерін тереңдетуіне, құқықтық сауаттылығының жақсаруына септігін тигізетінін атап өтті. Шара барысында сөз кезегін алған Атырау облыстық білім беру басқармасының Әдістемелік орталық әдіскері Мақпал Қантөреқызы көрме жұмысына сәттілік тіледі. Қатысушылар жұмысын ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген облыстық, республикалық көрмелердің қатысушысы, белгілі қылқалам шебері Арыстанов Исім Нұрлығайнұлы, Қ.Дүтбаева атындағы Гуманитарлық колледжінің “Өнер және мәдениет” бөлімінің меңгерушісі, педагог сарапшы, “Ы.Алтынсарин” атындағы төсбелгісінің иегері Салимов Дәулет Құрметұлы, Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің әдіскер маманы Абдулхайрова Маншүк Қайырғалиқызы бағалады.
Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 563 жұмыс тапсырылды. Оның ішінде Махамбет ауданынан – 23, Құрманғазы ауданынан – 4, Индер ауданынан - 2, Жылыой ауданынан – 2, Қызылқоға ауданынан – 2, Исатай ауданынан – 22 және Атырау қаласы мектептерінен 508 оқушы жұмыстары бар. Осы жұмыстардың ішінде 50 қатысушыға Алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы ретінде ақылды колонка табысталды.
Басты жүлдегерлерге тоқталсақ:
І дәрежелі дипломмен және ұялы телефон сыйлығымен І орынды Атырау қаласы, №37 мектептің 7 сынып оқушысы Қуаныш Ақнұр иеленді.
ІІ дәрежелі дипломмен және ұялы телефон сыйлықтарымен ІІ орынды Атырау қаласынан М.Ломоносов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Смағұл Иброхим мен №24 мектептің 7-сынып оқушысы Қуат Азамат Аманжолұлы иеленді.
ІІІ дәрежелі дипломмен және планшетпен Атырау қаласынан №8 мектептің 7-сынып оқушысы Атаниязова Элина мен И.Тайманов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Аязбаева Хадиджа және Құрманғазы ауданы, Еңбекші мектебінің 5-сынып оқушысы Нұрлыбекқызы Наргиза марапатталды. Сондай-ақ, жүлдегер оқушылардың жетекшілеріне де алғыс хат табысталды.
Байқаудың ашылу салтанатына оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер, балалардың жетекшілері қатысты. Барлық қатысушылар байқауға түскен көрме жұмыстарын тамашалады.
















