2022 жылғы 7 қазанда Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің ұйымдастыруымен Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығында Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі, UNESCO, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Ресей Суретшілерінің кәсіби одағының мүшесі, қазақ өнерінің жанашыры, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Бейнелеу және дизайн» факультетінің доценті Камила Жапалованың 50 жас мерейтойына арналған «Сырғамның сыңғыры» тақырыбындағы шығармашылық көрмесі өткізілді.
Шараның мақсаты: белгілі қылқалам шебері Камила Әбенқызының бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттау, қылқалам шеберінің Атырау Өнер музейінің және жеке қорында сақталған туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру. Суретшінің шығармалары жарияланған жинақтың тұсаукесер рәсімін назарларыңызға ұсыну.
Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі бейнелеу өнері саналады. Қазақ бейнелеу өнерінде жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызып, сол сурет арқылы өз сезімін көпшілікке ұсынатын өнер иесі Камила Әбенқызының бүгінгі көрмесіне зиялы қауым өкілдері, қылқалам шеберлері, әріптестері, ағайын-туыстары, достары, замандастары, шәкірттері қатысуда. Шындығында суретші қаламынан шыққан картиналардағы қай-қай көрініс те өзіне тән түстермен әсем бейнеленген. Бұл Камила Жапалованың сурет әлеміндегі ерекше қолтаңбасын айқын аңғартса керек.
Ол 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1993 жылы Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет-өнер училищесін үздік бітіріп, 1994 жылы Санк-Петербург қаласындағы өнер училищесіне жолдама алады. 1999 жылы «Батик және қолданбалы өнер» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2005 жылы Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттiк университетiнің өнер және дизайн факультетін тәмамдап, сол жылдан бастап өнер саласында өзін білікті, талантты маман ретінде танытып келеді. Жапалова Камила Абенқызы жемісті еңбектері үшін көптеген марапаттарға ие болды.
Камиланың әр суретінде үлкен философиялық ой жатыр. Ұлттық мәдениет пен дәстүр жалғастығын паш ететін туындылары да өте көп. Саусақпен санарлық өнердің бірі батик жанры күрделілігімен ерекше. Әрине, орамалға балауызбен сурет салу оңай емес. Сурет өнерінің батик жанрын таңдауы да ешкімге ұқсамайтын өнер иесі екендігін байқатады.
Кеш барысында Атырау қаласының әкімі Қалауи Мейірім Жоламанұлы көрменің ашылуымен құттықтады. Камила Әбенқызының туындылары жинақталған «Сырғамның сыңғыры» атты каталогтың жарық көруімен құттықтап, суретшіге тың табыстар, шығармашылық жетістіктер тіледі. Көрмеге арнайы келген сыйлы қонақтар халық бишісі Гульжан Талпакова, Сәрсенбай Еңсегенов т.б. сөз сөйледі.
Қазақтың салтынан сыр шертер, тарихтың таңбаларынан бастап тереңге ой жүгіртетін Камилланың еңбектері қазаққа тән ұлттық нақыштарға бай, қою қоңыр түстер мен сар даланың бедерлі сарғылт түстері жайықтың толқындарындай тербеліп, өрнектеліп, композициялары өз иірін тапқан. Камилла - еңбекқор.
Атыраулық суретшілер бас қосып, көптен көрмеген әріптестерімен жүздесіп, шығармашылықтың шерін тарқатып бір жасап қалды. Олардың ішінде суретші-батикші, көп жыл Кіші Өнер академиясында КиМО бөлімінде ұстаздық қызмет еткен Мусина Халифа Сейтжанқызы да болды. Көрмеде Камилланың қолынан шыққан киім үлгілерін сахналаған Виктория сән үлгілер орталығының шеруі тамаша өтті. "BigDREAM" баспасынан сапалы, жоғары деңгейде шықан каталогке Камилланың жұмыстары түгелге жуық енгізіліпті.
Камила Жапалова картиналарының өзіндік сипаты мен стилі ерекше. Картиналардың сюжеттері әртүрлі, көбіне фольклорлық нақышта және лирикалық абстракцияда құрылған, оларды біріктіретін элементтер – ұлттық реңк пен композицияның үйлескен ішкі ырғағы. Алматы қаласынан келген «ҚР Суретшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы – Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы автордың осындай теңдесі жоқ 70-ке жуық кескіндеме және батик үлгісіндегі тың туындылары қойылған бүгінгі көрменің ашылуымен құттықтады. Салтанатты шарада мерейтой иесінің ұлттық киімдерден сән үлгілері жиынтығы келушілер назарына ұсынылды.
Бар болмысын, жүрек түкпіріндегі жансарайын, ішкі сезімін сурет арқылы көпшілікке ұсынатын Камила Әбенқызының көрмесіне Астана қаласынан ҚР Суретшілер одағының мүшесі, дүниежүзілік «Mondial Art Academia» қауымдастығының мүшесі, ҚР Ресей Федерациясының мұғалімдер-суретшілер одағының мүшесі, «Астана суретшілер одағы» ҚБ басқарма мүшесі. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері – Динара Нүгер, сондай-ақ Түркістан қаласынан келген апасы Орынбасарова Әсел Әбенқызы секілді ағайын-туыстары, қылқалам шеберлері, әріптестері, достары, замандастары қатысып, шын жүректен шыққан тілектерін айтты.
Автор батик техникасын қолдана отырып ерекше өнер туындыларын дүниеге әкелді. Кенеп бетінде де батик дәстүрін қолданады. Камила Жапалова батик техникасында 20 жылдан астам жұмыс жасайды, бұдан ол шығармашылық ләззат алады. Батиктің алуан түрлілігі автордың шығармашылығына шексіз мүмкіндіктер берген. Оның туындыларынан ыстық батиктің «кракле» сияқты дәстүрлі тәсілдерін қолданатыны, түстерді мінсіз әрі дәл таңдай білетіні байқалады. Автор өз сөзінде батик техникасын қолдана отырып ғажап өнер туындыларын дүниеге әкелгенін мәлім етті.
Батик – матаға сурет салу техникасы. Матаға көркем сурет салу арқылы қайталанбас ерекшеліктер беретін қолөнер түрі. Бұл өнерді қазақ еліне танытқан суретшілердің бірі және бірегейі Камила Жапалова. Осы өнердегі ірі жетістігі-Америкадағы Нью-Йорк қаласындағы көрмеге қатысуы. Онда батик өнерін Америкаға тұңғыш рет қазақша нақышта көрсетті деген марапат пен алтын медаль иеленген.
Кешіміздің соңында Камила Әбенқызының 50 жас мерейтойына арналған «Сырғамның сыңғыры» тақырыбындағы шығармашылық көрмесін ашу үшін салтанатты лента қию рәсімі өткізілді. Көрмеге жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қылқалам шеберінің 70-ке тарта туындысын көрме залынан тамашалады.