2022 жылғы 8 қараша күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Сариев оқулары: Музейдегі мәдениет әлемі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Өнер, музейтану, мәдениеттану, т.б сала мамандарының пікірталас алаңы болып табылатын музей өміріндегі айтулы оқиға республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысуға музейлердің жетекшілері мен қызметкерлері, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер, республиканың әр түкпірінен барлығы 20 адам шақырылды.
Конференцияның мақсаты: Конференцияда көтерілетін мәселелер музей қызметінің жағдайы мен дамуының аса маңызды мәселелерін қарастырып, болашақта музей ісін дамыту стратегияларының негізін құрауы тиіс. Мәдени және көркем мұраны өзектендіруді зерттеудің тиімді әдістерін іздеу. Музей ісінің теориясы мен практикасын, өнертанудың өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан түсіну және талқылау үшін бірыңғай пікірталас алаңының жұмыс істеуі.
Конференцияның негізгі бағыттары:
1.Мәдени-көркем мұраны зерделеу мен жаңартудың тиімді әдістерін іздестіру.
2.Музейлердің қызметін жақсарту және оңтайландыру әдістерін іздеу.
3.Қазақстан бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерінің теориясы мен тарихының проблемалары мен үрдістері.
4.Музейлердегі цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мәдени мұраны сақтауға қатысты мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу.
5.Жаһандану процестерінің қазіргі көркемдік жағдайға әсері.
Конференция барысында келушілермен қазіргі кезеңдегі музейлердің дамуы, интерактивті және ақпараттық технологияларға негізделген жұмыстың жаңа формаларына қатысты мәселелер талқыланды. Алматы қаласынан Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, өнертану ғылымының кандидаты Кобжанова Светлана Жұмасұлтанқызы өзінің «Далалық бейнені қабылдау тарихы. Ш.Уәлиханов графикасындағы көркем ой мен сезім» атты баяндамасында белгілі қазақ ғалымы, саяхатшы Ш.Уәлиханов ұлттық өнер тарихындағы рөлі толық бағаланбай келе жатқан тұңғыш халық суретшісі және сызбашы, қазақтың төл графикалық суретшілерінің бірі екендігін, мақаланың негізгі міндеті - Ш.Уәлихановтың көркем мұрасын жеке шығармалар мысалында қарастыру екендігін атап өтті. Ал Түркістан облысы «Бейнелеу өнері» музейінің директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты Оспанов Айнабек Мыңжасарұлы «Жаһандану процестерінің қазіргі көркемдік жағдайға әсері» тақырыбындағы мақаласында бүгінгі мәдени жаһандану – жалпыадамзаттық біртұтас мәдениетті қалыптастыру процесі екендігін, алайда бұған дұрыс бағытта ілесе алмасақ, музей саласына тигізер пайдасы мен зияны да арта түсетінін, сондықтан нәтижелі жұмыс жүргізу керектігін тілге тиек етті. Бұдан басқа Шығыс Қазақстан өнер музейінің директоры Ұябаева Бекайым Қасымханқызының «Шаймардан Сариевтің жеті картинасы» атты аталған өнер музейінің қорындағы туындылар туралы тың деректерге толы мақаласы тыңдалды.
Конференцияға қатысушылар қарары:
Конференцияға қатысушылар музей қызметін жандандыру жолындағы тиімді әдістер туралы, музейлерді модернизациялауда жеке сайттар мен соңғы үлгідегі технологиямен қамтамасыз ету үлгісі жайында, мәдени туризмді дамыту ісі, музейтану саласын жандандыру туралы көптеген мәселелерді ойталқыға салып, тәжірибе алмасты. Музей жәй ғана әлеуметтік институт немесе мәдени мекеме ғана емес, ол рухани құндылықтарды сақтаушы, халқымыздың ғасырлардан жалғасқан тарихын, мәдени болмысын, салт-дәстүрін, асыл қазынасын жаңғыртушы бірден-бір мәдени-ағарту орын болып саналады. Ал осындай ортада еңбек етіп жүрген сала мамандарын шетелдердің үздік музейлерімен байланысты нығайта отырып, тәжірибеден өткізу, әлемдік мәдениеттің жетістіктерін игеру, нәтижелі жұмыстар жасау арқылы музей ісін алға дамыту конференция жұмысын қорытындылау болып табылады. Әрине, ғылыми конференциялардың жиі ұйымдастырылуы осы саладағы көптеген кемшін тұстардың алдын-алуға, шешімдерін қарастыруға септігін тигізеді.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан қатысушылардың түрлі тақырыптағы материалдарынан жинақ шығып, келушілерге ұсынылды.