«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Сариев оқулары: Музейдегі мәдениет әлемі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және «Ақтаңдақтар ақиқаты» тақырыбында республикалық байқау-көрмесін қорытындылауға арналған шаралар болып өтті

2022 жылдың  7-10 қараша күндері Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің  құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Сариев оқулары: Музейдегі мәдениет әлемі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және  КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Шаймардан Сариевтің туғанына 85 жыл толуына арналған суретшілер арасында «Ақтаңдақтар ақиқаты» тақырыбында республикалық байқау-көрмесін қорытындылауға арналған шаралар болып өтті.

Қарашаның 7-сі күні конференцияға қатысушы республиканың әр түкіпірінен келген меймандар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ш.Сариев атындағы Өнер музейінде болып тамашалады.

Қарашаның 8-і күні конференция ұйымдастырылды. Өнер, музейтану, мәдениеттану, т.б сала мамандарының пікірталас алаңы болып табылатын музей өміріндегі айтулы оқиға республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға музейлердің жетекшілері мен қызметкерлері, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар, магистранттар, студенттер,  республиканың әр түкпірінен барлығы 20 адам қатысты. Конференцияға қатысушылар музей қызметін жандандыру жолындағы тиімді әдістер туралы, музейлерді модернизациялауда жеке сайттар мен соңғы үлгідегі технологиямен қамтамасыз ету үлгісі жайында, мәдени туризмді дамыту ісі, музейтану саласын жандандыру туралы көптеген мәселелерді ойталқыға салып, тәжірибе алмасты. Музей жәй ғана әлеуметтік институт немесе мәдени мекеме ғана емес, ол рухани құндылықтарды сақтаушы, халқымыздың ғасырлардан жалғасқан тарихын, мәдени болмысын, салт-дәстүрін, асыл қазынасын жаңғыртушы бірден-бір мәдени-ағарту орын болып саналады.  Ал осындай ортада еңбек етіп жүрген сала мамандарын шетелдердің үздік музейлерімен байланысты нығайта отырып, тәжірибеден өткізу, әлемдік мәдениеттің жетістіктерін игеру, нәтижелі жұмыстар жасау арқылы музей ісін алға дамыту конференция жұмысын қорытындыланған қарарда қарастырылды. Әрине, ғылыми конференциялардың жиі ұйымдастырылуы осы саладағы көптеген кемшін тұстардың алдын-алуға, шешімдерін қарастыруға септігін тигізеді.  

Қарашаның 9-ы күні Өнер музейінде мерекелік жиын басталды. «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстан және Қырғызстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері  Илья Жақанов өнер әлемінде орын алған айтулы оқиғалардың басталуымен құттықтап, ақ батасын берді. Жиынды салтанатты түрде ашу үшін сөз Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшы орынбасары Қыстаубаева Әсия Баянқызы өнер, музейтану, мәдениеттану, т.б сала мамандарының пікірталас алаңы – республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға және республикалық байқауға қатысушы қылқалам шеберлеріне игі тілегін арнады.

Шара барысында Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің құрылғанына 30 жыл толуына орай бір топ  музей қызметкерлері  марапатталды.    

Биыл Өнер музейінің құрылғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде өнер ұжымын өңірімізге белгілі мәдениет майталмандары басқарды. Олардың қатарында біз Нұрмұхамбетов Асылбай Бақытғалиұлы, Өміров Ерсайын Құмарұлы, Ғұмаров Ғабденнафих Әжіханұлы, Оразова Сәния Өтепқалиқызы және Зайдуллин Жайдарбек ағаларымыздың және музей ардагерлері Ли Афанасий Никитович, Канаева Гүларшын Нарекесқызы, Манесова Мапина Мүбинқызының есімдерін мақтанышпен атаймыз.

 Сөз кезегінде шара меймандары, музейді басқару ісінде абыроймен еңбек еткен  ардагерлер  Сәния Өтепқалиқызы мен Ерсайын Өміров облыстағы іргелі мәдениет ордасының қызметінің алға басуына және  музей ісін жандандыруға атсалысып жүрген барша қызметкерлерге шығармашылық жетістіктер тіледі.

Салтанатты шарада Атырау өңіріндегі бейнелеу әлемінің шежіресін қамтыған үлкен еңбек  Атырау өнер музейінің коллекциясын толықтырған, өнер шеберлерінің  туындылары енгізілген  «Қазақстан бейнелеу өнері»  атты жаңа каталогтың тұсауы кесілді. Өнер шеберлерінің шығармалары, туындылары туралы барлық мәлімет қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрген Каталогқа енгізілді. Негізгі мәліметтерден басқа, ол анықтама материалдарын ұсынады: авторлардың өмірбаянының негізгі кезеңдері, көрмелерге қатысуы, т.б. мәліметтер.   

Бұдан әрі  мәдени-көркем мұраны зерделеу мен жаңартудың тиімді әдістерін іздестіруді, музейлердің қызметін жақсарту және оңтайландыру әдістерін іздеуді, музейлердегі цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мәдени мұраны сақтауға қатысты мәселелерді талқылауды, тәжірибе алмасуды, музейлер арасындағы серіктестікті дамытуды, байланысты нығайтуды мақсат еткен «Сариев оқулары: Музейдегі мәдениет әлемі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы  қорытындыланды. Құттықтау сөз кезегін алған  Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы конференцияға қабылданған баяндамалардан жинақталған каталог-жинақтың жарық көруімен құттықтап, қатысушылардың барлығына сертификат табыс етті.

Шара барысында Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония өнерпаздарының өнері тамашаланды.

КСРО Суретшілер одағының мүшесі, суретші Шаймардан Сариевтің туғанына 85 жыл толуына арналған суретшілер арасында «Ақтаңдақтар ақиқаты» тақырыбындағы республикалық байқау-көрмесі ұйымдастырылған болатын. Ақиқатты іздеу,  тарихи кезең сәттерін жан-жақты көрсету,   тұлғалар болмысын  кенеп бетінде жаңаша іске асыру,   бояулар үнімен бере білу мақсатында ұйымдастырылған «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты кәсіпқой суретшілер арасындағы республикалық байқау-көрмеге Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Ақтөбе, Орал, Шымкент, Атырау, Ақтау, Павлодар қалаларынан барлығы  11 суретші қатысты. Әділқазылар алқасының төрағасы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Кобжанова Светлана Жұмасұлтанқызы,  алқа мүшелері Қазақ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қилыбаев Нұрлан Аталықұлы және Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қорларды ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Шахманова Роза Қабдрашқызы байқауға түскен 11 суретшінің жұмысын талдады. Жалпы жүлде қоры Бас жүлде  - 1, І орын – 1, ІІ орын – 2, ІІІ орын – 2  болатын. Әділқазылар алқасы шешімімен Бас жүлде, ІІ орын – 1, ІІІ орын – 1 берілмеді.

Қатысушыларды марапаттау үшін сөз қазылар алқасының төрағасы  Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Кобжанова Светлана Жұмасұлтанқызына берілді.  Жүлделі ІІІ орын «Қайырлы правитель», «Үміт гүлі» туындысымен Атырау қаласынан Арыстанов Исім Нұрлығайынұлы, ІІ орын «Қайсар рух» туындысымен Орал қаласынан Отаров Мэлс Тасқалиұлы, І орын «Бұйығы бөлме» туындысымен Орал қаласынан Жұмабаев Бекжан Ахмедоллаұлы иеленді.

Отыз кезеңді бастан өткерген ордалы музейдің өткені мен бүгіні, даму кезеңдері туралы алдын-ала түсірілген «Алтын қорда-асыл мұра» атты дайындалған деректі фильм тамашаланды.    

Кешіміздің соңында «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты  республикалық байқау-көрмесін ашу үшін лента қию рәсімі өткізілді.  Көрермендер байқау-көрме туындыларымен танысты.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ