Симпозиумды ұйымдастырудағы басты мақсат – кенеп бетіне кемеңгер батырлар жайлы тұтас бір композиция жазу, олардың ерлік ісін насихаттау болатын. Республикалық симпозиум жұмысы маусымның 12-і күні Атырау облысы, Индер ауданы, Қараой жазығында орналасқан Махамбет Өтемісұлының музей-қорығына барудан басталды. Бабалар тарихын кенеп бетіне түсірмес бұрын Симпозиумға қатысушылар батыр баба басына зиярат етіп, батыр рухына құран бағыштады.
Махамбет атындағы әдеби-мемориалдық тарихи қорық музейінің меңгерушісі Аймекен Осихина мен музей қызметкері Сәрсембай Даутбаев экскурсия жүргізіп, қылқалам шеберлерін қызықтырған Дендер өңірінің тарихы, атауының шығу барысы, батырлар көтерілісі, Малайсары би мазары, мәдениет ескерткіші болып табылатын Махамбет ақынның қабірі, ХІХ ғасырдағы қазақтың жорық ақыны, көтеріліс рухтандырушысы туралы мәліметтер мен тарихи оқиғалар туралы мәлім етті.
Махамбет Өтемісұлының жерленген жері аудан орталығы Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдағы жерде орналасқан. Ақынның қабірі мәдениет ескерткіші болып табылады. Бұл жерде қабір үстіндегі шомбал құлпытасымен жабылып тұрған сегіз қырлы тас табыт болған, 1995 жылы бұл жерді толығымен қайта салып, ақынның қабірі үстінде ақ тастан әдемі мазар тұрғызылған.
Осы кезден ақын қабірі тек киелі жер ғана болмай, сонымен қатар сәулет ескерткіші болып табылады. Осылайша симпозиум қатысушылары таңғажайып орынның тарихына куә болды. Сөйтіп үлкен әсермен, тың шабытпен симпозиум жұмысына кірісті.