2023 жылғы қазан айының 1-6 күндері аралығында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» атты суретшілердің республикалық симпозиумы өткізілді.
Симпозиумды ұйымдастырудағы басты мақсат: Атырау өңірінде дүниеге келіп, Мәмлүктер мемлекетін гүлдендірген тарихи тұлға Сұлтан Бейбарыс өміріне қатысты мәлімет жинақтау, кейінгі өскелең ұрпаққа Бейбарыстың қадір-қасиетін жеткізу. Оның ерлікке толы ғұмырын, сол тарихи кезең сәттерін жан-жақты көрсету арқылы оның болмысын кенеп бетінде жаңаша іске асыру, бояулар үнімен ашып беру арқылы насихаттау; Сұлтан Бейбарыстың өмір сүру кезеңіне суретші көзқарасымен қарай білу және қылқалам құдіретімен мәмлүктер көсемін көрерменге көрсету; Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қорын жаңа туындылармен толықтыру; Республиканың түкпір-түкпірінде өзіндік орны бар отандық көркемсурет шеберлері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, талантты қылқалам шеберлері арасында өзара тәжірибе және пікір алмасуды жүзеге асыру.
Ерекше ерлігі, асқан ақылдылығымен құлдықтан хандыққа дейін көтерілген бабамыз, Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны Сұлтан Бейбарыстың ерлік ісін насихаттауды мақсат еткен осынау шараға республиканың түкпір-түкпірінен 15 өнер өкілдері, белгілі қылқалам шеберлері қатынасты. Сондай-ақ бұл жолғы республикалық симпозиум барысында суретшілердің жұмысын сараптап сипаттау үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің профессоры, белгілі өнертанушы Беристенов Жанарбек Таниғазыұлы қатысуда.
Мақсат ортақ: сапалы, шығармашылық, музейлік деңгейі жоғары туындылармен музей қорын толықтыру, түптеп келгенде бірін-бірі қайталамайтын жауһар туындылар дүниеге келтіру арқылы еліміздің бейнелеу өнерін насихаттау. Өнертанушы Жанарбек Таниғазыұлы симпозиумға қатысушылармен қоян-қолтық жұмыс жасап, эскиздік дүниелерді музей мамандарымен бірге талдау арқылы асқан жауапкершілікпен еңбек етті. Қылқалам шеберлерінің қолынан осылайша жауһар дүниелер кенеп бетіне жазылды.
Қазанның 5-і күні симпозиум барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды.
«Дала барысы- Мысырдың Бейбарысы» атты суретшілердің симпозиумынан түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Барлық қатысушыларға сертификат және 420 мың теңге стипендия табыс етілді.
Салтанатты шарада Қазақстан мен Қырғызстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстанның Еңбек Ері, «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері, Ұлттық музыка академиясының Құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының Көркемсурет академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Илья Жақанов, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жұмақын Қайрамбаев сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қылқалам шеберлерінің қатысуымен өткен симпозиумда Сұлтан Бейбарыстың ер рухтылығы бейнеленген рухани-эстетикалық бірегей бүтін шығармалар сомдай алғандығын тілге тиек етті. Шара барысында күйші, ҚР Мәдениет қайраткері Шарипа Жәменова және дәстүрлі әнші Алида Хуанованың орындауында сазды сәлем жолданды.
Осылайша Өнер музейінің алтын қоры тағы бір кенептегі кемеңгер даңқты тұлға бейнесімен, тарихи дәуірді сипаттайтын тұтас композицияға арқау болған әртүрлі сипаттағы 15 тың туындымен толықты. Атырау облысы мен республиканың түкпір-түкпірінен келген суретшілер Бейбарыс сұлтанның өмір сүрген Мәмлүктер дәуірін сол тарихи кезең сәттерін көрсету арқылы оның болмысын сипаттауға, Мысыр мен Шам елдерінің аймағында Мәмлүктер мемлекетін құрушы сұлтанның ерлік істерін бейнелеу арқылы терең түйсіне, түсіне отырып жұртшылыққа жеткізуге тырысты. «Дала барысы – Мысырдың Бейбарысы» атты симпозиум жәдігерлері бейнелеу өнерінің жауһарлары боп қала бермек. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен кейін музей меймандары көрмені тамашалады.