2023 жылдың 16 қараша күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» тақырыбында музей қоры туындыларынан көрме өтті.
Шараның мақсаты: Көрерменге «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» атты жоба туралы мағлұмат беру. Музей қорындағы киелі жерлер картасына кіретін тарихи нысан бейнеленген туындыларды көрермен назарына ұсыну.
2017 жылы 12 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» атты жоба қолға алынған болатын.
Жоба мақсаты: тарихи-мәдени ескерткіштерді, киелі жерлерді танымал ету, сақтау және қалпына келтіру.
Қазақстанның киелі жерлерінің ерекше тарихы бар. Діни сәулет ғимараттары, қалалар, елді мекендер, қорғандар, қорымдар, ғибадатханалар тарихи-мәдени ескерткіштердің негізі болып саналады. Жоба аясында Қазақстанның киелі жерлер географиясының картасы жасақталуда. Атырау облысы бойынша аталған картаға енген тарихи нысандардың бірі – Ақмешіт қорымы.
Ақмешіт қорымы – ХVIII-XX ғасырлардағы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылының солтүстік-шығысына қарай 28 шақырым жерде орналасқан тарихи нысан.
Атырау облысындағы киелі жерлер картасына енген тарихи нысандардың бірі Сарайшық қалашығы.
Сарайшық — орта ғасырларда Алтын Орданың ірі сауда және экономикалық орталығы. Атырау қаласынан солтүстікке қарай 50 км жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Бүгінгі шарада Ш.Сариев атындағы Өнер музейі қорындағы Ақмешіт қорымы кенеп бетіне түсірілген суретшілер И.Арыстановтың, Ж.Аралбаевтың, Ә.Баяндинның, Б.Меңдіғалиевтың, Г.Макаровтың М.Қожақұловтың туындылары және Н.Жәрдемовтың «Тарих шерткен Сарайшық», С.Маханбетовтың «Сарайшықтан Сығанаққа жеткен керуен», А.Ахамановтың «Ақ орда» туындылары таныстырылды.
Шараға Атырау сервис колледжінің студенттері қатысып, тарихи нысандар туралы мағлұмат алды. Қылқалам шеберлерінің жұмыстарымен танысты.