2023 жылы 20 желтоқсанда Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақ өнерінің қайраткері, Республикалық «Махамбет атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты», Мәдениет саласының үздігі Телеубай Бақтыгерей Селдірұлының мерейлі 75 жасына арналған «Сан өнердің саңлағы» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты: Қылқалам шебері, жерлесіміз Бақтыгерей Селдірұлының бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттау, қылқалам шеберінің Атырау Өнер музейінің және жеке қорында сақталған туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру.
Телеубай Бақтыгерей Селдірұлы 1948 жылы 25 қазанда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген, 1973 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдады. 1984 жылдан КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. 1991-1995 жылдар аралығында Атырау облыстық Суретшілер Одағының төрағасы қызметін атқарған. 2019 жылдан Қазақ өнерінің қайраткері. Республикалық «Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты». Мәдениет саласының үздігі.
1980 жылдан республикалық, облыстық көрмелердің, конкурстардың, симпозиумдардың қатысушысы.
Кеш барысында Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы көрменің ашылуымен құттықтады.
Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі бейнелеу өнері саналады. Қазақ бейнелеу өнерінде жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызып, сол сурет арқылы өз сезімін көпшілікке ұсынатын өнер иесі Бақтыгерей Селдірұлының бүгінгі көрмесіне филология ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Қадір Жүсіп Өтегенұлы, белгілі өнертанушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Өтепберген Әлімгерейұлы, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі Темірбек Мәжитұлы, Аманов Қамбарбек Хасенұлы секілді қылқалам шеберлері, әріптестері, достары, замандастары қатысып, шын жүректен шыққан тілектерін айтты.
Шарада Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптап оркестрінің өнерпаздарының орындауында ән-күйден шашуы тыңдалды.
Қазақ бейнелеу өнерінде жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызған суретшілердің қай-қай туындысы да ерекше. Өзін әр қырынан көрсете білген суретші Бақтыгерей Селдірұлының туындылары осыған айғақ. Кешіміздің соңында қылқалам шебері Бақтыгерей Селдірұлының 75 жас мерейтойына арналған «Сан өнердің саңлағы» тақырыбындағы жеке көрмесін ашу үшін салтанатты лента қию рәсімі өткізілді.