«АТЫРАУ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ
ШАЙМАРДАН САРИЕВ АТЫНДАҒЫ
КӨРКЕМСУРЕТ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ-СӘНДІК ӨНЕР МУЗЕЙІ» КМҚК

Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған «КЕНЕПТЕГІ АСАУ ТАҒДЫР» тақырыбында облыстық симпозиум

2025 жылдың 12 маусым күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен даңқты жерлесіміз, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған «КЕНЕПТЕГІ АСАУ ТАҒДЫР» тақырыбында облыстық симпозиум өткізілді.

Табылды Досымов – ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында ұлттық сана мен тәуелсіз ойлаудың жарқын нышанына айналған ерекше дарын иесі. Оның поэзиясы мен әндері – еркіндікке ұмтылудың, азаматтық жауапкершіліктің, ұлттық болмыс пен рухани тереңдіктің көркем өрнегі. Ол қазақ жастарының дүниетанымына тың серпін беріп, елдік сана мен рухты оятқан тұлға ретінде халқымыздың жүрегінен берік орын алды.

Симпозиумның басты мақсаты – Табылды Досымовтың шығармашылығын бейнелеу өнері арқылы тереңнен танытып, оның рухани-мәдени ықпалын жаңа көркемдік тілмен ашу. Оның шығармаларын жан-жақты көрсету арқылы  бард ақынның шығармашылығын, өлеңдерін, болмысын  кенеп бетінде жаңаша іске асыру,  мәнін бояулар үнімен ашып беру арқылы насихаттау. Ақынның шығармаларындағы философиялық тереңдік, поэтикалық өрнек пен ұлттық рух бейнелеу өнерінің қалыбы арқылы жаңаша интерпретацияланады. Бұл тек сурет салу процесі емес – рухани байланыс, шығармашылықтың мәңгілік өзегіне бойлау.

«Кенептегі асау тағдыр» атты суретшілердің     симпозиумынан  түскен тың туындылар қойылған бүгінгі көрмені Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы салтанатты түрде ашты. Симпозиум аясында суретшілер Табылды Досымовтың поэзиясы мен әндерінен шабыт алып, оның ішкі жан дүниесі мен көркемдік қуатын кескіндеме арқылы қайта жаңғыртты. Осы арқылы өткенге тағзым жасалып қана қоймай, болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдыру, көркемдік сабақтастықты жалғастыру мақсаты да жүзеге асты. Бейнелеу өнерінде жаңа көркем бағыттар және пластикалық түстік шешімдер мен формаларды іздестіруді мақсат еткен осынау шараға  есімдері тек облыс, республика көлемінде ғана емес, халықаралық дәрежеде шетелге де танымал облыстағы 10 өнер өкілдері, белгілі қылқалам шеберлері қатынасты. Даңқты жерлесіміз, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына орай «Кенептегі асау тағдыр» тақырыбында облыстық симпозиумына ұсынған жоғары деңгейдегі үздік шығармасы үшін КСРО Суретшілер одағының, Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының академигі, «Қазақстан Республикасы мәдениетінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған Аманов Қамбарбек Хасенұлы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі,  Қазақстан Республикасы Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, 2015 жылдан Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі  Кендір Отарбай Қанатұлы, 1999 жылы «Шабыт» республикалық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының, Қазақстанның Өнер академиясының корреспондент-мүшесі, 2009 жылдан халықаралық суретшілер ассоциациясы «Mirca Art Group»-тың мүшесі, 2010 жылы «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанған Слекенов Рафаэль Оразбайұлы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі,  Халықаралық таланттар сыйлығының лауреаты,  Махамбет атындағы Академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Мұхтаров Темірбек Мәжитұлы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, көптеген көрмелердің, байқаулардың, пленэрлер және симпозиумдардың қатысушысы Рахметов Мұрат Сафиоллаұлы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың лауреаты Халин Тілек, Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің бейнелеу өнері студиясында еңбек ететін суретші-ұстаз, белгілі қылқалам шебері Дәукенов Елеуғали Тұрсынғалиұлы,  белгілі қылқалам шебері, көптеген көрмелердің, байқаулардың, пленэрлер және симпозиумдардың қатысушысы Қарабалин Оразбай Төлегенұлы, Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде суретші-реставратор болып жұмыс істейтін облыстық, республикалық байқауларға және симпозиумдарға қатысқан Дюсенғалиев Аслан Аязбайұлы арнайы сертификаттар және 250 мың теңге сыйақымен марапатталды. Мәңгілік ғұмыры басталған ғажайып ақынға деген құрмет жыл өткен сайын арта берері сөзсіз. Оның мол мұрасын, шығармаларын ел жүрегіне жеткізіп, насихаттап жүрген елдің біраз азаматтары бар. Соның бірі Табылды Досымов есімімен құрылған   қоғамдық қордың жетекшісі, жерлесіміз, бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын Бижан Қалмағамбетов болатын. Салтанатты шара барысында оның жолдаған жүрекжарды лебізі көрермен назарына ұсынылды. Көрменің салтанатты ашылуына белгілі қылқалам шеберлерімен қатар ақынның жары Қарлығаш Басарқызы және ұрпақтары атынан Досымова Ақбаян Табылдықызы, сонымен қатар Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Табылдыұлы, Индер аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аренова Дина Маратқызы, бір топ қала тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Симпозиумда облыстағы кәсіби қылқалам шеберлерінің әрқайсысы Табылды Досымов шығармашылығына арнаған жеке туындысын ұсынды.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
sariev_museum@mail.kz
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ