2025 жылғы қазан айының 15-і күні Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен "Мықты маман-мықты ел!» атты суретшілердің республикалық online – симпозиум-көрмесінің ашылу салтанаты өткізілді.
Симпозиумды ұйымдастырудағы мақсат:
- Өнер арқылы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу;
- Кең аудиторияның, оның ішінде өскелең ұрпақтың еңбекке деген қызығушылығын арттыру;
- Қоғамға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсету, осы салалардағы жетістіктерді бейнелеу;
- Симпозиумға қатысушылар арасында шығармашылық идеялар мен тәжірибе алмасу. 2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Жолдауында өз ісінің мамандарының арқасында ұлтымыздың жаңа сапасы қалыптасып жатқанын атап өтті. Бұл қоғам дамуының негізін қалаған еңбек адамдарына деген үлкен құрметтің белгісі. Себебі нағыз елдің күші – адал еңбекте, мықты маманда!
Бүгінгі шара — еңбекті дәріптеудің, шеберді ұлықтаудың бір көрінісі. Еңбегі еленген елдің еңсесі биік болмақ. Еңбек – адамзаттың алтын қазығы. Ал мамандық — сол еңбектің көрінісі, өмірдің мәні. “Еңбек еткеннің еріні тәтті, маңдай терімен тапқанның наны тәтті” дейді дана халқымыз. Қоғамның әр саласында — ұстаздан бастап дәнекерлеушіге, дәрігерден бастап тігіншіге дейін — бәрі ел дамуының тірегі. Мықты маман – өз ісіне берілген, еліне адал жан. Ол тек жұмыс істемейді — елдің игілігіне қызмет етеді. Сондықтан да, бұл жыл — әр салада еңбек етіп жүрген жандарға жаңа серпін, жаңа мәртебе сыйлайтын ерекше жыл болмақ.
Шалқар шабыттан, кемел ойдан, тұңғиық тереңінен сыр шертер қай-қай туынды да музей қорының төрінен орын алады. Республикалық симпозиумға республиканың әртүрлі аумағынан, атап айтқанда Алматы, Өскемен, Шымкент, Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларынан 13, жергілікті өңірден 2, барлығы 15 өнер өкілдері, белгілі қылқалам шеберлері қатысты. Олар online -симпозиумның басталғандығы туралы хабарлама алған күннен, яғни 2025 жылғы наурыз айынан бастап, тапсырылған тақырып бойынша эскиздік жұмыстарды кенеп бетіне түсіріп, композиция жасады. Сондай-ақ, бұл жолғы республикалық симпозиум барысында суретшілердің жұмысын сараптап сипаттау үшін көрменің ашылу салтанатына Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінен белгілі өнертанушы Мамытова Самал Мұхтарқызы қатысуда. Мақсат ортақ: сапалы, шығармашылық, музейлік деңгейі жоғары туындылармен музей қорын толықтыру, түптеп келгенде бірін-бірі қайталамайтын жауһар туындылар дүниеге келтіру арқылы еліміздің бейнелеу өнерін насихаттау. Өнертанушы Самал Мұхтарқызы симпозиумға қатысушылармен қоян-қолтық жұмыс жасап, эскиздік дүниелерді музей мамандарымен бірге талдау арқылы асқан жауапкершілікпен еңбек етті.
Республиканың әр өңірінен жеткен симпозиум туындыларынан жинақталған тың туындылар қойылған көрмені Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әділғалиев Арман Бағытжанұлы ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Симпозиумға қатысушы барлық қылқалам шеберлеріне сертификат және 600 мың теңге және өнертанушы мейманымызға алғыс хат, 500 мың теңге стипендия берілді. Салтанатты шарада Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің өнертанушысы Мамытова Самал Мұхтарқызы, ҚР Суретшілер Одағы Қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының төрағасы Шеруен Мұхтар Қабдығалиұлы, Алматы қаласынан келген Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Кульбатыров Рашид сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен жинақталған және атыраулық қылқалам шеберлері қатысқан онлайн-симпозиумның басты ерекшелігі берілген тақырыпты еркін таңдай отырып, әр суретшінің өз шеберханасында кемел кемеңгерлікпен, үлкен шабытпен дайындап жеткізу екендігіне тоқталды. Симпозиум қорытындысымен шыққан қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған каталог көрермендерге ұсынылды. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры тағы бір кенептегі 15 тың туындымен толықты. Музей меймандары көрмені тамашалады.
Көрмені О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжі, Атырау индустриалды колледжі, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі, Атырау сервис колледжі, Болашақ колледжі, Х.Досмұхамедов атныдағы Атырау университетінің студенттері тамашалады.