2025 жылғы 15 қазанда Ш. Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің жанындағы Көркемсурет студиясында суретші-жаңғыртушы маманы Дүйсенғалиев Асланның қатысуымен шеберлік сағаты өтті.
Іс-шараның мақсаты — қатысушыларды реставрация негіздерімен таныстыру және жастардың мәдени мұраны сақтауға деген қызығушылығын арттыру.
Жаңғыртушы — өнер туындылары мен мәдени құндылықтарды қалпына келтірумен айналысатын маман. Оның жұмысы кескіндеме болса да, мүсін немесе сәндік өнер бұйымдары болса да бастысы заттың тарихи шынайылығын, бастапқы қалпын сақтауға бағытталған.
Шеберлік сағаты барысында жаңғыртушы дистильденген жылы су және мақта көмегімен кескіндеме туындыларының бояу қабатын бүлдірмей, кір-қоқыстан мұқият тазалауға болатынын көрсетті. Қатысушылар бұл үдерісті қызығушылықпен бақылап, реставрациялық жұмыстың қыр-сыры жайлы сұрақтар қойды.
Шеберлік сағатқа музей жанындағы Бейнелеу студиясының жас суретшілері қатысты.