«АТЫРАУ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ
ШАЙМАРДАН САРИЕВ АТЫНДАҒЫ
КӨРКЕМСУРЕТ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ-СӘНДІК ӨНЕР МУЗЕЙІ» КМҚК

«Киелі Сарайшық» атты көрме

2026 жылғы 27 қаңтар күні Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде  Павел Михайлович Догадин атындағы Астрахань мемлекеттік көркемсурет галереясымен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылған «Киелі Сарайшық» атты көрме өтті.

Көрме жобасының мақсаты — халықаралық музейлік ынтымақтастықты дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ Астрахань қаласының тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық суретшілердің шығармашылығымен және көне Сарайшық қаласының тарихи-мәдени мұрасымен таныстыру.

Экспозиция «Сарайшық» залында орналастырылып, ортағасырлық өркениеттің аса маңызды орталықтарының біріне арналды. XI–XII ғасырларда негізі қаланған Сарайшық қалашығы Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қазақ хандығы дәуірінде ірі саяси, сауда және мәдени орталық болған. Ұлы Жібек жолының торабында орналасуы қаланың экономикалық өркендеуіне және Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени алмасудың дамуына ықпал етті.

Көрмеде ұсынылған қазақстандық суретшілердің туындыларында Сарайшық бейнесі аңыздар, тарихи жады және уақыт философиясы арқылы ашылады. Ерекше назарды Жырғал Матураимовтың «Сарайшық туралы аңыз» атты картинасы аударады. Бұл шығарма Секер (Аққу) көл туралы халық аңыздары мен хан қызының қайғылы тағдырына негізделген.

Әділхаир Жантасовтың «Сарайшық» туындысы — автопортрет, археологиялық сарындар және көне қаланың тағдыры мен адам өмірінің өткіншілігі жайлы философиялық толғаныстарды біріктірген символикалық композиция. Нұрбек Жәрдемовтің «Тарих шерткен сарайшық» атты еңбегі көпқабатты құрылым арқылы мәдени жады тақырыбын көтеріп, адам бейнесін өткен мен бүгінді байланыстырушы тұлға ретінде көрсетеді. Экспозицияны Сейсенхан Махамбеттің «Көне Сарайшық» атты көлемді тарихи-жанрлық картинасы түйіндейді. Бұл туынды ортағасырлық дәуірдегі қызу тіршілікке толы сауда орталығының көркем бейнесін қайта жаңғыртады.

Көрме Сарайшықтың тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар дамыған қалалық мәдениеттің, мәдениеттер арасындағы диалогтың және қазақ халқының рухани мұрасының символы екенін айқындайды.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
sariev_museum@mail.kz
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ