№6-Зал. Махамбет залы
Махамбет Өтемісұлы. (1803-1846жж) 1836-1838жж Қазақстанның батыс аймағындағы халық көтерілісінің жалынды жыршысы көтеріліс қолбасшысы Исатай батырдың жолдасы. Нарын құмында «Жасқұс» деген жерде дүниеге келген. Шыққан тегі Байұлы ішіндегі Жайық-Беріш, 1846 ж Жайық бойындағы Қарой деген жерінде қаза тапқан. Махамбет арқалы күйші, айтулы сазгер болған . Ел арасындағы белгілі «Өкініш», «Қайран Нарын», «Жұмыр қылыш», «Терезе» т/б күйлері күйтабаққа жазылды. Махамбет өлеңдері көп жинақтармен жарық көрді. Солардың бірі «Бес ғасыр жырлайды», «Исатай-Махамбет», «Шайыр», «ХІХ ғ қазақ поэзиясы» Махамбет батырға ақындар өлеңін, суретші-мүсіншілер суреттері мен мүсіндерін жасады. Қазақтың өршіл мінезді ұлы ақберен батыр, ақиық ақын, дауылпаз ақын, от ауызды орақ тілді Махамбет Өтемісұлының ерлігі ел есінде.
Айпқалиев Кеңес Тұңғышбайұлы. 1964 жылы 15 тамызда Қызылқоға ауданы, Тайсойған ауылында дүниеге келген. 1997 жылы ЮНЕСКО көлемінде Қазақстан қолөнер шеберлерінің дипломанты.
«Жұмыр қылыш» торсығы. Тері, 2002ж. Махамбеттің «Жұмыр құлыш» күйіне иллюстрация жасап салынған. Бұл қолөнер бұйымында торсық көрініс тапқан. Махамбеттің келбетін бейнелейді, басындағы дулығасы, таза теріден жасалған. Торсық мойнына тұмар ілген. Заманауи үлгідегі теріден жасалған торсық көз алдымызда.
«Найза». Шашақты найза, Махамбеттің қаруы болған шоқпар қолдан жасалынған. Жалпы қазақ халқының жауынгер халық екенінен хабар береді.
Кендір Отарбай Қанатұлы. 1957 жылы Құрманғазы ауданы, Асан ауылында дүниеге келген. Жезқазған педагогикалық институтының «Көркемсурет–графика» факультетін бітірген. Х.Досмхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 1995 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Бейнелеу өнері сызу және дизайн кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. ҚР суретшілер Одағының мүшесі, профессор, ҚР Көркем Академиясының корреспонден мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері.
«Махамбет. Жұмыр қылыш». Көк аспанды қара бұлт басып келе жатқандай көрініс береді. Махамбет қолына домбырасын алып, қалың ойға батып отырғандай. Арғы жағындағы тұлпар да, ауа райы да Махамбетпен қосыла жаңа күй шығаруға әсер бергендей.
Қалиев Нұрсұлтан Молдағұлұлы. 1978 жылы 20 ақпан айында, Атырау қаласы, Балықшы кентінде дүниеге келген. 2001 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетіне «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығына түсіп, 2006 жылы үздік бітірді. Суретші-қолөнерші.
«Махамбет». Бұл қолөнер бұйымында қолында домбырасы бар ақын Махамбет Өтемісұлының бейнесі суреттелген. Ақын бұл сәтінде жауға қарай бағыттап шауып келе жатқандай. Шуда қосып бетоннан жасалған туынды.
«Махамбет мазары». Атырау облысы Индер ауданы Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Құрлыстың өзі бетоннан жасалған, сыртқы және ішкі өрнегінде ақ ұлутас пайдаланған. Мазар алдында оюлы өрнекпен безендірілген классикалық арка қойылған.
«Рухты қазақ». Еңбекте қалың жаудан өскен елін, туған жерін, қасиетті қара топырағын білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған, тайсалмай табандалықпен жауға қарсы тұра білген қайсар рұхты қазақ халқын бейнелейді. Тарихи оқиғаларға толы бұл еңбекте намысты халықтың жалғыз әскері жауға мың қол әскер болып көрнетінін айқын көрсеткен. Басында дулығасы, қолында қанжары бар кең иықты ержүрек қазақ батыры жауға қарсы қасқайып қарап тұр. Бойынан мүлде қорқыныш сезімі білінбейді. Екі иығында қазақ жауынгерлерінің ат үстіндегі бейнесі суреттелген. Астыңғы жоспарда мұздай қаруланған қалың әскердің жауға қарсы аттанып бара жатқан сәті көрініс тапқан. Негізгі бұйымның жасалу бағытына келер болсақ, ұлттық дәстүр бойынша жасаған.
«Батырлар ұрпағы». Бұл туындыдағы қара ағаш жайық жағасынан 2 метр тереңдіктен қазып алынған. Ағаш тамырларын тазалаған кезде қолөнершінің көзалдына ат үстіндегі адамның бейнесін елестеткен табиғаттың өзі бұл көріністі мүсіндегендей болып көрінген. Осы қарағаштың өзінен самұрық құстың бейнесі ойылып алынған. Кең байтақ жеріміз батыр бабаларымыздың ерлігі мен өжеттігі арқасында бізге жеткен. Самұрықтай бақыт құсының сеніммен бірге жеңіске жеткеніміздің белгісі. Мүсіндегі батырдың домбырасы, арқасындағы қару-жарақтары ағаштың өзінен ойылған. Бір қарағанда батырдың ұрандатып жауға шапқан бейнесін көруге болады. Ағаштың бетіне ана құрсағындағы бала суретін ұлттық өрнек тәрізді етіп ойып алған. Туындының астыңғы тұғыры теріден Қазақстанның шекарасы жасалған. Тері үш аяқты тұғырға қапталған. Үш аяқ дегеніміз ана, әке, баланы бейнелейді. Тері шетіндегі сызба көшпелі халық өмірінің көрінісін білдіреді. Бір бұрышындағы бәйтерек Қазақстан мемлекетіміздің тәуелсіздік нышанын білдіреді.
Рахметов Жәнабіл. 1959 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданында дүниеге келген. 1976 жылы орта мектепті бітіріп, 1983 жылы Алматы қаласындағы көркемсурет училищесін бітірген. Атырау қаласындағы суретшілер Одағында жұмыс жасаған.
«Махамбет.Ой». Суретші бұл суретін Махамбеттің 210 жылдығына тарту ретінде салған. Батыр терең ойдың үстінде отыр. Қазақ даласы ақынмен бірге ой үстінде отырғандай. Ақынға тән ойлы көзқарас, батырға тән қайсарлық бойынан табылғандай.
«Махамбет». Махамбет бейнесі портреттік жанрында салынған. Халық батыры Исатай екеуі айрылмас дос. Қос қанаттары аттары-әрқашанда бірге жүреді. Шешендігімен, ақылдылығымен, қайсарлығымен халықтың көзіне түскен Махамбет әсем суреттелген. Оның қайсарлы жүзінен, қатал да суық көзқарасы, тік мінезі осы портретте айқындалады.
Арыстанов Исім Нұрлығайынұлы. 1965 жылы 21 мамырда Атырау облысы Доссор поселкесінде дүниеге келген. 1990 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. 1997-2000 жылдар аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы болып қызмет атқарған.
«Жалғыздықпен болдым дос». Махамбет жолдасынан айрылған Нарын құмында домбырасын жанына серік етіп, мұңайған, көңілге қайғы үйіріліп, аспан күңіреніп, батырдың көңіл күйімен сай келуде. Арғы жағында батырдың тұлпары суреттелген.
Бозжігітов Еркін. 1967 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында дүниеге келген. Суретші, кескіндемеші,ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының корреспендент мүшесі. Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің оқытушысы.
«Мен Нарында жүргенде». Суретші бұл туындысын Махамбеттің 210 жылдық суретшілер байқауына арнап салынған, мұнда ауыздықпен алысқан тұлпар үстіндегі батырдың бейнесі суреттелген, қолында домбырасы, қанжары, басына киген дулығасы да нағыз қайсар азамат екендігін көрсетеді.
Мұқат Табылды. 1947 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Орпа ауылында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесінде оқып, әрі қарай Украина полиграфия институтына оқуға түседі. 1973 жылдан бастап КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. Графикші. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, бірнеше бүкілодақтық және республикалық байқаулардың жеңімпазы.
Исатай-Махамбет». Бұл туынды тарихи тақырыпты қамтиды. Екі батырдың образы сызықты-силуэтті стилде салынып ерекше қабылданады. Сұр түстер дақтардың ритмикасына сай келеді. Монохромды түсті көлденең келген мазоктар арқылы гармониялық сәйкестік тепе-тендік келеді.
Мусина Халифа Сейітжанқызы. 1959 жылы 28 тамызда Атырау облысында дүниеге келген. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының оқытушысы, «Астана-ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне республикалық кезеңге қатысу жолдамасына ие болған.
«Махамбеттің рухы». Мұнда батыр Махамбеттің мазары бейнеленген, аспандағы бұлт ат үстіндегі Махамбеттің бейнесімен бірге суреттелген. Бұл Махамбеттің рухы секілді ой түйеді.
Қалимова Лиза Ибатоллақызы. 1949 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Қаңбақты ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Алматыдағы көркемсурет училищесін бітірген. 1979 жылы ҚР суретшілер Одағының мүшесі. Францияда өткен Халықаралық көрмеде алтын медальмен марапатталған.
«Махамбет». Қолөнерші бұл туындыда батырлықтың ақындықтың белгісі, 19 ғасырдың өкілі Махамбет Өтемісұлының бейнесін суреттейді. Қазақ халқы үшін аянбаған ержүрек ақын бұл гобеленде киіз үйдің жанында домбырасы бар елінің азаттығы үшін ойланып тұрғандай.Бірсәт жігітшақты еңсерген Махамбеттің бейнесін көрсеткен.Тағдыры мен ерлік жолдарын, рухын үлгі етіп бейнелеуге талпынған. Азаттықты көксеген талай жорықтарда батырдың өлеңдері, жалынды жырлары, халық бостандығына, отанына арналған.
Молдашев Арыстанбек. 1935 жылы 1 шілдеде Атырау облысында дүниеге келген. Музыкалық ұлттық аспаптар жасаудың шебері. 2014 ж мамыр айында өмірден өтті.
«Бала домбыра» Республикаға танымал жерлесіміз домбыра жасау шеберінің ақсақалы Молдашев Арыстанбек ағамыздың туындысы домбыра. Саусақтары енді домбыра пернесіне икемделген балаларға арнайы жасалған шағын домбыра.
Қалимов Мұхит Ғалымұлы. 1931ж Атырау облысы Есбол ауданы Мәмбет ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген. Ленинградтағы Репин атындағы кескіндеме, мүсін және архитектура институтында оқыған. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор. ҚР.Суретшілер Одағының мүшесі, Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісұлының бейнесін жасағаны үшін 1996 жылы М.Өтемісұлы атындағы сыйлықтың лауреаты атағы берілді.
Махамбет. Махамбет өтемісұлының портреті.
Исатай-Махамбет. Махамбет-Исатай батырлардың жорыққа аттанығалы тұрған сәтінен көрініс берген. Қою, күңгірт түстер пайдаланылған.
О. Суықбайұлы. Ер тоқым
Бабаларымыздан қалған ат әбзелдерінің бірі. Жылқыны жайдақ үйреткен көшпенділер, оған жайлы болу үшін ер тоқымды да ойлап тапқан еді.
Ер тоқымның құрамында: Ер тоқым, қалбыр тоқым, үзеңгі, құйысқан, өмілдірік бар. Қалбыр тоқым (Терлік) - аттың арқасына жабылатын көлемі тоқымнан сәл үлкен терді сорып тұратын былғары материалдан жасалады. Қайыс бау (тұрман) - Ер тоқым әрі-бері жылжымас үшін және екі қапталға ауып кетпес үшін ойлап табылған қайыс бау. Үзеңгі - атқа жерден тез міну үшін ойлап табылған тепкішік немесе ілмек. Құйысқан - бір ұшы аттың құйрығына ілініп, екі ұшы ердің екі қапталына бекітілетін ер тоқым бұйымы. Бұл ер тоқымның алдыға қарай жылжып кетпеуі үшін қажет. Өмілдірік - керісінше аттың кеудесінен (төсінен) ердің алдыңғы екі қапталына бекітетін ер тоқымның құрамдас бұйымы. Бұл ер тоқымның артқа жылжымауын қамтамасыз етеді. Көбіне бәйге аттарына (шоқтығы биік) жылқыларға қолданылады.