Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Даналықты танытқан дара Абай» тақырыбындағы облыстық көркем сурет байқауына 2020 жылғы 1-28 ақпан аралығында оқушылар жұмысы қабылданды. Байқау-көрменің өтетін уақыты жоспар бойынша 27 наурызда ұйымдастырылуы керек болатын, бірақ елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кейінге шегеріліп, онлайын түрде нәтижесі шығарылды.
Шараның мақсаты: балалардың талантын ұштап, шығармашылық өнерлерін халыққа таныту, сурет салуға икемі бар, талабы мен шеберлігі жоғары, қылқалам иесі болуға үміткер жас дарынды балалардың талабын ұштау. Бүгінгі ұрпақ - ел ертеңі. «Даналықты танытқан дара Абай» тақырыбындағы облыстық байқау көрме бір турдан тұрды.
Байқауға облыс мектептерінен барлығы 245 оқушының жұмысы қабылданды. Соның ішінде 189 оқушы байқау-көрмеге қатысқаны үшін Алғыс хатқа ие болды. Байқауда ынталандыру есебінде 50 оқушы арнайы сыйлықтармен марапатталып, мадақталды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі үшінші орынды үш оқушы иеленді. Олар «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» тақырыбындағы жұмысымен №12 Ф.Досымова атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Шолуха Юлия, «Желсіз түнде жарық-ай» тақырыбында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы №9 орта мектептің 7 сынып оқушысы Сәлімжан Іңкәр, «Әже тағылымы» тақырыбында М.Ломоносов атындағы орта мектептің 5 сынып оқушысы Артурұлы Асылхан.
Жүлделі екінші орынды «Жас Абайдың қаладан оралуы» тақырыбындағы суретімен №28 орта мектептің 5-ші сынып оқушысы Сәкен Жантілек Тілекқалиұлы, «Айттым сәлем, Қаламқас» тақырыбындағы суретімен Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы Талғатұлы Ұлықбек жеңімпаз атанды.
Ал жүлделі бірінші орын иегері «Абай және оның XXI ғасырдағы орны» тақырыбындағы туындысымен Облыстық дарынды балалар мектеп интернатының 8 сынып оқушысы Серікова Ақпейіл Дастанқызы атанды. Олар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаз алты оқушының жетекшілеріне Алғыс хаттар табыс етілмек.