Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, «Қазақ өнерінің қайраткері», белгілі қылқалам шебері әрі дизайнер Мусина Халифа Сейтжанқызының 60 жас мерей тойына орай «Халифа» тақырыбындағы жеке шығармашылық көрмесі өтті. Көрмені ұйымдастырудағы мақсат қылқалам шебері Халифа Сейтжанқызының бейнелеу өнеріндегі және өмірінің әр кезеңін қамтыған шығармаларын және қолданбалы-сәндік өнер туындыларын, ұлттық нақыштағы қазіргі заманға сай киімдер топтамасын жұртшылыққа насихаттау. Халифа Мусина 1959 жылы 28 тамызда Атырау қаласында дүниеге келген. 1977-1981 жылдары Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, 1981-1986 жылдары Алматы мемлекеттік театр-өнер институтын тәмамдаған. Ол республикалық және бірнеше шет мемлекеттерде өткен фестивальдардың, конкурстардың дипломанты.
Көрмені ашқан Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің экскурсия жүргізу және бұқарамен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Роза Қабдырашқызы суретші туындыларының әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар екендігін, кескіндеме, графикалық жұмыстармен қатар қолданбалы-сәндік өнер бағытындағы туындылары, көптеген картиналары туған жердің табиғаты мен оның тарихына бағышталғандығын атап өтті. Белгілі қылқалам шебері әрі дизайнер Халифа Сейтжанқызын мерейлі 60 жасымен және жеке шығармашылық көрмесінің ашылуымен құттықтау үшін кешке мерейгердің бір топ әріптестері, достары, туыстары жиналды. Сонау сұлу Көкше жерінен келген, Абай Мырзахмедов атындағы Көкшетау университеті дизайн кафедрасының доценті Ұлболсын Ахметова, киелі Маңғыстау өңірінен келген, республикаға белгілі қолөнер шебері, зергер Өтеп Өміров, Халифа Сейтжанқызының апасы Сара Тулақбаева Халифа Сейтжанқызының өнерімен өмір сүріп, содан жанына рухани азық алатын, өнер үшін туған ізденгіш жан екендігіне тоқталды. Кеш барысында белгілі суретші, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмаржан Махамбет мерейтой иесіне алдағы уақытта бейнелеу әлемінде ерекше есімдер қатарынан атала беруіне ізгі тілегін жолдады. ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев бейнелеу өнерінде еңбегі еленген Халифа Сейітжанқызына Қазақстан Суретшілер Одағының «Қазақ бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті. Бұдан әрі Халифа Мусинаның туындылары жарық көрген «Халифа» атты жинақтың тұсауы кесілді. Көрмеге халқымыздың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне, тарихына деген махаббаты мен терең білімі айқын аңғарылатын суретшінің жүзден астам туындысы қойылды.