«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Атамекен бояуымен сырластым...» тақырыбындағы онлайн бейне журнал

2020 жылғы 26 маусым күні «Атамекен бояуымен сырластым...» тақырыбындағы онлайн бейне журнал әлеуметтік желіге жүктелді. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Тілек Халин 70 жасқа толды. Мерейтой иесінің шығармашылығына арнап Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі COVID-19 бойынша жағдайды болжаудың мүмкін еместігіне байланысты «Атамекен бояуымен сырластым...» атты көрмені көрерменсіз ұйымдастырды. Суретші Тілек Халинды 2 метр арақашықты және санитарлық талаптарды сақтай отырып, санаулы ғана  әріптестері, достары жиналып, құттықтап, ізгі лебіздерін жолдады. Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Р.Сафиоллаев суретшінің әр суреті өз алдына бөлек тың туынды екендігін, қылқалам шеберінің туындылары «Бояу – әлем, сезімім не дер екен?!» деген атаумен үлкен жинақ болып жарияланғанын атап өтті. Мерейтой иесіне алғыс хат тапсырды.  ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері Сәдір Кәрібай, Әділқайыр Жантасов, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының Бас суретшісі Темірбек Мұқтаров облыс мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан талант иесіне алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. ҚР Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев мерейгерге «Халықаралық талант сыйлығының лауреаты» атағы берілген куәлігін табыс етті.  

Бір  бойында бірнеше өнерді жинақтаған қылқалам шебері Тілек Халин  1950 жылы қазіргі Атырау облысы, Индер ауданы,   Бөдене ауылдық округіне қарасты Жамантау жерінде туған. 1982-1987 жылдары Индер аудандық мәдениет бөлімінде суретші безендіруші болып еңбек етті. 1978-1982 жылдар аралығында  Мәскеу Халықтық өнер университетінен  (ЗНУИ) сырттай дәріс алған.

Мәдениет, білім салаларында еңбек еткен суретші, аудандық «Дендер» газетінің штаттан тыс тілшісі, ақын, әрі ардагер ұстаз.

Қазақстан Републикасы Суретшілер Одағының мүшесі. «Махамбет Өтемісұлы» атындағы сыйлықтың лауреаты.

1985 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінде кескіндеме мәнеріндегі туындылары үшін лауреат атанған. Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасының иегері.

Президент жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Бірнеше туындысы Түркия, Италия елдерінде жеке қорда сақтаулы. 1990 жылдан Бөдене орта мектебінде көркемсурет студиясының жетекшісі, сызу-бейнелеу пәндерінің  мұғалімі болып еңбек етті.

25 жылдай ұстаздық жұмысында жүздеген шәкіртке эстетикалық тәрбие беріп, ондаған шәкірттің жоғары білім алуына, кәсіби-суретші болуына ықпал етті. Т.Халин 100-ден аса майлы бояу картиналар, көптеген графикалық туындылардың иесі және  қосымша ағаштан ою, мүсін жасаумен шұғылданады. «Жырым сенсің, туған жер» атты аудан ақындарының жинағына 300-ден аса өлеңдері енген.

Қазіргі кезде  Бөдене ауылында жастарға  өнерді насихаттау мақсатында Т.Халинның көркемсурет галереясы жұмыс жасайды.

 Оның қаламынан шыққан «Дендер тұзды көлі», «Дендер тауындағы айлы кеш», «Домбыра туралы аңыз» және басқа суреттер тартымдылығымен көздің жауын алады. Шындығында суретші кең жазиралы қазақ даласын, еңбек адамдарының тірлігін, ұлы дала тіршілігін, отбасы, шаңырақпен байланысты ауыл көріністерін шебер бейнелеген.  

Суреттері шет ел асып жатыр. Бұл оның шығармалары халықаралық көрерменнің өскелең талабына сай дегенді білдірсе керек. Өлеңдерін де сүйіп оқитын оқырмандары көп. Шығармалары алыс-жақын шетелдерде көрмелерге қойылған. Бүгінде суретші туындылары Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қорында сақталған. Фейсбуктегі сілтемесі:   Инстаграм желісіндегі сілтемесі:

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ