Халықаралық құстар күні 1906 жылы Құстарды қорғау бойынша конвецияның бекітілуінен кейін атап өтіле бастады.
Оның негізгі ережелері ұя салу және мекенді ауыстыру кезінде құстардың барлық түрлерін қорғауға, жойылып кету алдында тұрған құстар түрлерін ұдайы қорғауға; құстарды көбейту үшін қорықтарды құруға және экологиялық білім беруге бағытталған.
Құстар – табиғат, өмір көркі. Халық шебер әншісін бұлбұлға, ардақты азаматын сұңқарға, қас сұлуын аққуға, ез жігітін жапалаққа теңеген. Ертеде байлар мен патшалар, хандар бұлбұлды бағында сайратып, тотыны үйінде ұстаған, аққуды көлінде жүздіртіп, сұңқарды қолына қондырған. Құс барлық пен байлықтың, әсемдік пен сұлулықтың белгісі болған.
"Ақжайық" мемлекеттік табиғи резераты аумағында 292 құс түрі бар, олардың 110-ы Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауындағы аумақта ұя салады, 76-сы осында қыстайды, 106 түрі ұшу аймағында кездессе қалғандары - жыл құстары. Резерват жыл құстарының Сібір-Шығыс Африка көші-қон маршрутының жолында орналасқан. Құстардың 36 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.