«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

Мұхит Қалымовтың 90 жылдығына орай «Сырлы әлем саңлағы» тақырыбында көрме

2021 жылғы 21 мамырда Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінде КСРО және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Мұхит Қалымовтың 90 жылдығына орай «Сырлы әлем саңлағы» тақырыбында көрмесі өтті.

Қазақстан бейнелеу өнерінде халқымыздың тарихи тұлғаларын, тарихымыздың кешегісі мен бүгінгісін бейнелеп, соңына үлкен еңбек қалдырған Мұхит Қалимовтың бүгінгі көрмесіне суретші ізбасарлары, оның ізін жалғаушы жас таланттар және зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар қылқалам шебері М.Қалымовтың жұбайы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Лиза Қалимова да сонау Алматыдан арнайы келіп қатысты.

Шараны этномузыкатанушы, күйші-композитор Ақнәр Шәріпбаева, Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармония өнерпаздары - дәстүрлі әнші Шолпан Мұқашеваның және күйші Азамат Сатыбалдиевтің орындауында ән-күйден шашуы тыңдалды. Суретші туындыларының әрқайсысы өзіндік ерекшелікке ие. Шындығында суретші қаламынан шыққан картиналардағы қай-қай көрініс те өзіне тән түстермен әсем бейнеленген. Бұл Мұхит Қалымұлының сурет әлеміндегі ерекше қолтаңбасын айқын аңғартса керек. Көрмеге қойылған Өнер музейінің алтын қорындағы қылқалам шеберінің 14 туындысы туралы экскурсия жүргізуші Айкөркем Зинелова көрермендерге таныстырды.

Қалымов Мұхит Қалымұлы 1931 жылы 5 мамырда Атырау облысының Индер ауданында дүниеге келген. 1958 жылы Алматыдағы Н.Гоголь атындағы Көркемсурет училищесін үздік тәмамдағын. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербург) кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтының кескіндеме факультетін (1964), осы институттың аспирантурасын (1970) бітірген. 1965 жылдан суретшілігімен қоса ұстаздық етті.

1965 – 1970 жылдары Алматы көркемсурет училищесінде, 1970 – 1980 жылдары Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет кескіндеме бөлімінде, 1980 – 1985 жылдар аралығында Алматы архитектуралық-құрылыс институтында (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы) кескіндеме мен мүсін кафедрасын басқарды, 1985 – 1993 жылдары Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) кафедра меңгерушісі қызметін атқарды. 1993 жылдан өмірінің соңына дейін осы институттың кескіндеме кафедрасының профессоры болды.

Қалымов тарихи тақырыптарға, қазақтың белгілі өнер саңлақтары мен ірі қайраткерлердің бейнесін жасауға көп көңіл бөлді. Оның “Бабалар”, “Абылайхан”, “Сырым батыр”, “Исатай – Махамбет”, “Мұрат ақын”, “Құрманғазы”, “Қайран шешем” полотноларынан көпке тұлға болған ерлердің бейнесін көреміз. “Ғани Мұратбаев”, “Әуезов пен Ш.Айтматов”, т.б. портреттері бейнелеу әдісінің сонылығымен және адамның ішкі психологиялық жан-дүниесін ашудағы шеберлігімен ерекшеленеді. Бұдан басқа “Алғашқы қазақ атты әскері”, “Абылай хан билер ортасында”, “Көбік шашқан”, т.б. картиналарын салды.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор. 1967 жылдан КСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының бейнесін жасағаны үшін 1996 жылы М.Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері атанды. Республикалық, одақтық және халықаралық көрмелерге қатысқан қылқалам шебері тарихымызда, мәдениетімізде белгілі болған қайраткерлеріміздің бейнесін жасады.

Рухани дәстүрді жалғастырушы Мұхит Қалимов 2002 жылы дүниеден өтті. Суретші туындылары Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде Атырау, Астана, Қарағанды музейлерінде сақтаулы.
Көрме 29 мамырға дейін жұмыс жасайды. Келушілерге есігіміз айқара ашық.

 

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ