2021 жылдың 10 қыркүйек күні Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «12 қыркүйек – халықаралық Отбасы күніне» арналған «Өнерлі отбасы» атты облыстық байқау – көрме өтті.
Отбасы-адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмаса да отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні болып бекітілген болатын
Шараға Атырау қаласынан және Махамбет, Қызылқоға, Мақат аудандарынан барлығы 10 отбасы қатысты. Байқау-көрме салтанатын Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Шахманова Роза Қабдрашқызы ашып, шара барысы мен мақсатына тоқталды. Әділқазылар алқасы болып ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Атырау облысы Суретшілер Одағы филиалының төрағасы Айса Бақтиярұлы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының мүше-корреспонденті, Қатира Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің «Бейнелеу өнері және сызу» пәнінің оқытушысы Еркін Серікұлы және Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қор сақтаушысы Шынар Салауатқызы тағайындалды.
Байқау-көрме 3 бөлімнен құралды. 1-ші бөлімде қатысушы отбасылар жартылай аяқталған үй тапсырмаларын аяқтап, сипаттап айтты. 2-ші бөлім Qvest («Тез тап») деп аталды. Бұл сайыста қатысушылар әділқазылар алдынан тапсырманы алып, сұрақтардың жауаптарын музей залдарынан тапты. 3-ші бөлім Құрастыру деп аталады. Бұл сайыс бойынша отбасылар пазлдан сурет құрастырып, шапшаңдығы мен шеберліктерін сынға салды.
«Өнерлі отбасы» байқау-көрмесінің қорытындысы бойынша 9 отбасы Алғыс хатпен және 145000 теңге ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ал байқаудың нәтижесімен Атырау қаласынан қолөнерші Қарабалиндер отбасы жеңімпаз атанып, арнайы диплом және 250000 теңге сертификат табыс етілді.
Ежелден тарихы мен мәдениеті қалыптасқан еліміздің, ұлтымыздың рухани қазынасын жас ұрпақтың бойына сіңіруде өз үлестерін қосып жүрген отбасылар қоғамның басты құндылығы. Ендеше барлық отбасыларға аманшылық, бақ-береке, сәттілік тілейміз!