«АТЫРАУ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ
ШАЙМАРДАН САРИЕВ АТЫНДАҒЫ
КӨРКЕМСУРЕТ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ-СӘНДІК ӨНЕР МУЗЕЙІ» КМҚК

«Сурет әлеміндегі Абай мұрасы» атты кәсіпқой суретшілер арасында Республикалық симпозиум өткізілді

2021 жылғы қазан айының 4-7 күндері аралығында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Сурет әлеміндегі Абай мұрасы» атты кәсіпқой суретшілер арасында Республикалық симпозиум өткізілді.

Симпозиумды ұйымдастырудағы басты мақсат: елдің бағына жаралған қазақтың ұлы ақыны атанған Абай Құнанбайұлының шығармашылығына суретші көзқарасымен қарай білу және қылқалам құдіретімен Абай шығармаларын көрерменге көрсету, өзара тәжірибе алмасу. Абайдың шығармашылығына қатысты қызығушылықты арттыру, кейінгі өскелең ұрпаққа Абайдың қадір-қасиетін, бай мұрасын жеткізу. Абай шығармаларын жан-жақты көрсету арқылы ұлы ақынның шығармашылығын, өлеңдерін, аудармаларын, болмысын кенеп бетінде жаңаша іске асыру, қара сөздерінің мәнін бояулар үнімен ашып беру арқылы насихаттау.

Симпозиумда бас қосқан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері, талантты қылқалам шеберлері, барлығы 20 суретші өз туындыларында ақын шығармаларына кеңінен тоқталып, сол арқылы қазақ халқының тұтас болмысы мен салт-дәстүрін, ақын шығармашылығы мен лирикалық өлеңдерін кескіндеме өнері арқылы халыққа жеткізе білді.

Республикалық симпозиум жұмысы қазанның 4-і күні Атырау өңіріндегі қасиетті, мәдени сәулеттік ескерткіштер мен тарихи орындар, қаланың көрікті орындарымен танысудан басталды. Атырау шаһарына экскурсия жүргізілді. Меймандар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тарту-таралғы ретінде ашылған Мемлекеттік рәміздер алаңында бой көтерген Тутұғырды, шаһар орталығындағы Исатай-Махамбет алаңын, «Иманғали» мешітін, Успен соборын, Ф.Оңғарсынова, Ж.Нәжімеденов, Дина, Құрманғазы ескерткіштерін, халықты ашаршылықтан құтқарған «Құмаршық дәні» мүсіндік-сәулет композициясын тамашалап, Жеңіс бағы мен Ретропарк саябағында болды.

Түстен кейін баспасөз клубында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі қылқалам шеберлері Айнабек Оспанов, Жанұзақ Мүсәпір, Сейсенхан Махамбетов, суретші, өнертанушы, халықаралық форумдардың кураторы Динара Нүгердің қатысуымен баспасөз-конференциясы өтті. Кездесуде бас қосқан журналистер симпозиум қатысушыларына толғандырған сауалдарын қойып, симпозиумның басты тақырыбы, Абай мұрасын насихаттау, өз шығармашылығындағы жаңашыл бастамалар жайында жауап алды.

Қазанның 5-6 күндері студиялық шеберханада А.Құнанбайұлының шығармаларына жасалған эскиздік жұмыстарды кенеп бетіне түсіріп, композиция жасады.

Қазанның 7-сі күні симпозиум барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. «Сурет әлеміндегі Абай мұрасы!» атты суретшілердің симпозиумынан түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Барлық қатысушыларға алғыс хат және 200 мың теңгелік сертификат табыс етті. Салтанатты шарада Қазақстан және Қырғызстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері Илья Жақанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлы және Оспанов Айнабек Мыңжасарұлы сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қылқалам шеберлерінің қатысуымен өткен симпозиумда Ұлтымыздың ұлы ақынын ұлағаттау – Абай Құнанбаевтың шығармашылығына, тілге, әдебиетке, мәдениетке деген жанашырлық, үлкен құрмет екендігін атап өтті. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры тағы бір кенептегі кемеңгер бейнесімен, оның жарқын да өшпес жырларына арқау болған әртүрлі сипаттағы 40 тың туындымен толықты. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен кейін музей меймандары көрмені тамашалады.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
sariev_museum@mail.kz
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ