«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Мен қарапайым қарттарды сүйем...» атты жылжымалы көрме және шеберлік сағаты

2021 жылдың 14 қазан күні Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі Халықаралық қарттар күніне орай, «№4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммунальдық мемлекеттік мекемесіне «Мен қарапайым қарттарды сүйем...» атты жылжымалы көрме және шеберлік сағатын ұйымдастырды.
 
Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше, олай болса әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Халқымыздың осындай ерекшеліктерінің бірі - қашанда дария көңіл, кең кеуде қарттарымен мақтана білген. Қазақ қарты жасына лайық аузы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз болып келеді.
 
1990 жылы 14 желтоқсанда Бас Ассамблея 1 қазанды халықаралық қарттар күні деп есептеуге қаулы етті. Бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында қарттар күнін Еуропада, кейін Америкада, ал 80-жылдардың аяғында барлық әлемде атап өтетін болды. 1993 жылы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша біздің елімізде Қарттар күні аталатын болды.
 
Қазан айы – қамқорлық айы болғандықтан, осы мерекеге орай қариялармен болған кездесуде алдымен музей қорынан апарылған Жанақын Қайранбаевтың «Астана», Қамбарбек Амановтың «Қыз қуу», «Дастархан», Отарбай Кендірдің «Құрақ», «Еркіндік», Табылды Мұқаттың «Жайық жағасындағы үй», Қабдол Досниязовтың «Мұз қоймасы» және тағы басқа туындылармен экскурсия жүргізуші Ақкенже Белгіқызы таныстырды.
 
Шеберлік сағатына қатысқан ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Даулетияров Манарбек Шариполлаұлы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Рахметов Мұрат Сафиоллаұлы, суретші-ұстаз Дәукенов Елеуғали Тұрсынғалиұлы, қолөнершілер Абдешова Ақбике Күзеуқызы, Мұхамбетжанова Жанар Шайқосқызы, қолөнерші-суретші Қалиев Нұрсұлтан Молдағұлұлы, қолөнерші-зергер Шапабаев Қайрат Болатұлы өз жұмыстары туралы баяндап, жеке-жеке таныстырып шықты. Кейін аяқталған төл туындыларын аталған орталыққа сыйға тарту етті. Есімдері тек облысқа, республикаға ғана емес, шетелге танымал шеберлермен болған кездесу кешіне қатысқан қариялардың қуанышында шек жоқ еді. Суретшілермен бірге сурет салып, зергерлер мен қолөнершілердің шеберлік сағатына қызыға қатысты. Мәселен, қолөнерші Нұрсұлтан Қалиев өз жұмысына қызығушылық танытқан мекеме тұрғынына аяқталмаған «қос жүзік» туындысын сыйға тартып, өз қиял-пайымына қарай туындыны аяқтауды тапсырды. Қолдау көрсететінін жеткізді. Шеберлік сағатына қатысқан барлық шеберлер туындылары туралы кеңінен әңгімелеп, мекемеге сыйға тартты. Қайырымдылық шарасында белсенділік танытқан суретшілер мен қолөнершілерге музей атынан алғыс хат табыс етілді. Қамқорлық айында қарияларға мәдени-рухани демалыс сыйлаған барлық қатысушыларға «№4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммунальдық мемлекеттік мекеме басшысы Қилымқас Исабайқызы алғысын жеткізді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ