«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Сырлы дүние» тақырыбындағы шығармашылық көрме

2021 жылдың 2 желтоқсан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы Өнер музейінде ҚР «Мәдениет саласының үздігі», КСРО, ҚР Суретшілер Одағының, Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, белгілі қылқалам шебері Аманов Қамбарбек Хасенұлының 70 жылдық мерейтойы және шығармашылығына 40 жыл толуына арналған «Сырлы дүние» тақырыбындағы шығармашылық көрмесі өтті.
Шараның мақсаты: ҚР «Мәдениет саласының үздігі», КСРО, ҚР Суретшілер Одағының, Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, белгілі қылқалам шебері Қамбарбек Хасенұлының бейнелеу өнеріндегі шығармашылығын насихаттау, қылқалам шеберінің жеке қорында және Өнер музейі қорында сақталған 30-ға жуық туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру. Суретшінің шығармалары жинақталған альбом-кітаптың тұсаукесер рәсімін көрермен назарларына ұсыну.
Ішкі жан-сезіміңді қылқаламның көмегімен ақ қағаз бетіне өрнектеп, сол арқылы ойын жеткізу, сезімін білдіру, қоғамға ой салу – құдіреттілік. Сурет өнері кез-келген адамға дари бермес қасиет. Ал, сурет-өнер туындысы – әрі тарих, әрі өміршең өнердің бірі. Суретші – сол шексіз тарихтың бір сәтін ұзақ уақытқа «тоқтата» алған шебер. Өйткені, әрбір суретшінің, әрбір картинаның өзіндік алған бағасы, өзіндік тарихи мәні, ұрпақ қажеттілігіне жарарлық құндылығы бар. Осындай шығармашылығының өзіндік мәнері қалыптасқан шебер суретшілердің бірі –Аманов Қамбарбек Хасенұлы.
Аманов Қамбарбек Хасенұлы 1951 жылы 2 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. 1972-1976 жылдары Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқыған. 1976-1982 жылдары Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы мемлекеттік көркемсурет институтында оқып білім алған. Атырау облысына 1983 жылы Қазақстан суретшілер одағының арнайы жолдамасымен келген. 1984 жылы КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. 1987 жылы Арменияда өткен бірінші Бүкілодақтық кескіндемешілер плэнеріне қатысқан. 1988 жылы Атырауда өзінің бірінші жеке шығармашылық көрмесін өткізген. 1999 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.
2001 жылдан бері ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, 2009 жылдан ҚР көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті, 2011 жылдан ҚР Көркемсурет академиясының академигі. 2013 жылы ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған.
«Сырлы дүние» тақырыбындағы шығармашылық көрмеге Қ.Амановтың бір топ әріптестері, замандастары, шәкірттері, республиканың әр түкпірінен қыл қалам шеберлері келді.
Автордың осындай теңдесі жоқ тың туындылары қойылған бүгінгі көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы мерейтой иесін құттықтап, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы А.Рысқалиевтың алғыс хатын табыс етті.
Мерейтой иесін Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Дәнекер» және «Отан» ордендерінің иегері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Илья Жақанов құттықтап, иығына шапан жапты. Алматы қаласынан келген меймандарымыз Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қалимова Лиза Ибатоллақызы және ҚР көркем академиясының вице-президенті, ҚР көркем Академиясының академигі, Қытай өнер академиясының профессоры, ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облыстық Мәслихат депутаты, ҚР Суретшілер Одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан құттықтап сөз сөйледі. Ермұхан Жүнісхан Қамбарбек Хасенұлына ҚР көркем Академиясының «Алтын медалін» табыс етті.
ҚР Суретшілер Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отаралиев мерейгерге ҚР Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы Өмірбек Жұбаниязовтың құттықтауын жеткізіп, «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басқарма төрағасы – ректор Саламат Нұрмұханұлы Идрисовтың атынан бір топ әріптестері мерейгерді бүгінгі шығармашылық көрмесінің ашылуымен және мерейтойымен құттықтап, «Білім саласына сіңірген еңбегі және жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін» Жоғары оқу орындары қауымдастығы атынан Қамбарбек Амановқа «Ахмет Байтұрсынов атындағы» медаль табыс етті. Салтанатты шарада бір топ әріптестері, қылқалам шеберлері өздерінің жүрекжарды тілегін жолдады.
Қамбарбек Аманов және Илья Жақанов суретшінің туындылары жинақталған «Сырлы дүние» деген атаумен жарық көрген альбом-кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Салтанатты лента қию рәсімі Қамбарбек Аманов, Илья Жақанов, Ермұхан Жүнісхан және Лиза Қалимоваға берілді. Көрмеге жиналғандар автордың 30-ға жуық туындысы қойылған көрмені тамашалады.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ