«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

Кешегі Ноғайлы қазақ жұртынан жалғасқан Асанқайғы мен Доспамбет, Жиембет жыраулар жыр қылған

Кешегі Ноғайлы қазақ жұртынан жалғасқан Асанқайғы мен Доспамбет, Жиембет жыраулар жыр қылған, ер Махамбет «толарсақтан саз кеше жүріп», отты жырымен төгілте жырлаған, Малайсары мен Қиса, Мұрат пен Табылды өрелі сөзімен жырлап өткен тарихи өлке, «Жотасы биік Дендер» елі бұл жолы қазақ мәдениеті мен руханиятына қызмет етіп, қалың елдің құрметіне бөленген Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, суретші, композитор Илья Жақановты үлкен құрметпен қабылдады. «Бұл менің Ұлы мекенім» аталатын шығармашылық жеке көрме тарихи тұлғалардың табаны тиген қасиетті жерде жалғасын тапты. Көрменің ашылу салтанатында Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи, жазушы, журналист Тарас Наурызәлі, Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы ізгі тілегін білдіріп, жеке көрме мақсаты суретшінің туған жерге арнап салынған тың туындыларын Дендер өңірі жұртшылығымен таныстыру екендігіне тоқталды. Аудан басшысы Мейірім Жоламанұлы қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, алғыс хат табыс етті. Ауыл ақсақалы Сағындық Құрманқұлов пен қылқалам шебері Илья Жақанов лента қиды. Аудан тұрғындары көрмеге қойылған суретшінің портреттік және пейзаждық жанрда салынған көптеген туындыларымен танысып, таңданысын жасырмады. Сонымен қатар жергілікті суретші Тілек Халиннің көрмесі де көрсетіліп, кеңінен таныстырылды. Көрме соңы «Ән болып жаралдың» тақырыбындағы тамаша ән кешімен жалғасты. Кеш барысында ҚР Мәдениет қайраткері, жезтаңдай әнші Ұлдай Аманғалиева айрықша талантының арқасында қалың елдің ерекше ықыласына бөленген біртуар тұлға туралы толғанысын жеткізіп, елдің ерге деген қошеметі қашанда бөлек екендігін айтты. Бөдене ауылындағы «Өнер» мектебінің 31 оқушысы композитордың әндерінен жыр-шашуын арнады. Композитор И.Жақановтың ықыласқа кенелген әндері осылайша өнер сүйер қауымның жадында қалды.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ