2022 жылдың 27 қаңтарында Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Қысқы этюд» тақырыбында музей жанындағы бейнелеу студиясы оқушыларының шығармашылық көрмесі өтті.
Табиғат көрінісін бейнелеудегі негізгі мақсат – кеңістіктегі сұлу табиғатты көзбен көріп, көңілмен қабылдаған көріністерін суретке салу. Оқушылар табиғат көрінісін бейнелеуден бұрын оны бақылап көруге үйренеді. Бұл сурет көрмесінде оқушылар қыс мезгілінің табиғатын ерекше етіп көрсетіп, бейнелей білді. Қыстың сұлулығын әр баланың суретінен көруге болады. Мысалы, Ә.Төлештің «Қаладағы қыстың кешкі көрінісі» атты туындысында қалаға келген қыс мезгілі таңғажайып атмосфераға енеді. Ұйқыға кетіп бара жатқан қар түйіршіктері қыстың сәнін келтіріп, көліктер баяулайды, кешкі уақытта адамдар асығып үйлеріне қайтып, табиғатқа тамсана бастайды. Н.Теңелбайқызының «Таңғы орман көрінісі» атты суретінде қыста орман әсем және жұмбақ көрінетіндігі, барлық жануарлар ұзақ ұйқыға кетіп, қалың орман аппақ қар жамылып жатқан бейнесін сипаттайды. Сонымен қатар Тагим Динараның «Қаңтардағы Мешіт көрінісі» қазіргі мезгілдегі біздің Атырау қаласындағы Иманғали Орталық мешіті бейнеленген. Назарларыңызға өнер музей жанындағы бейнелеу студиясы оқушыларының шығармашылық көрмесі жайлы арнайы түсірілімді ұсынамыз.