2022 жылдың 11 ақпан күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 11 ақпан - Ұлт зиялыларының басын қосқан күн ретінде «Зиялылық күні» деп жариялануға байланысты Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай дәріс-сағаты өтті.
Шараның мақсаты: көрермендерді Алаштың көрнекті қайраткері, ағартушы, ұлт ұстазы, әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынов туралы кеңінен таныстыру. Қазақ әдебиетіндегі орны ерекше тұлғалардың бірі Ахмет Байтұрсынұлының үлгі болар өнегесін жас ұрпаққа насихаттау.
Ахмет Байтұрсынұлы – ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. А.Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ грамматикасына елеулі үлесін қосып, қазақ тілі білімін XX ғасырдың бас кезінде қалыптастырып, оның ірге тасын қалаған.
Кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған оның есімі ғасырдан астам уақыт бойы аталмай, Қазақстан тарихынан лайықты орын ала алмады.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің алғашқы авторы. Қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлынан жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін мол әдеби, ғылыми еңбектері қалды.
Шараға Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжінен Мұхитова Назерке Махамбетқызы жетекшілігіндегі «Бастауыш білім беру» мамандығының 2 курс студенттері қатысып, Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде мол мағлұмат алды. Студенттерге экскурсия жүргізушісі Аида Маратқызы Ш.Сариев атындағы Өнер музейінің тың туындылары қойылған музей залдарына экскурсия жүргізді. Студенттер өнерге толы туындыларды ерекше тамсаныспен қарап, үлкен әсер алды.