2022 жылдың 6 наурыз күні Атырау облыстық Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде “Ғажайып сурет әлемі” атты Айман Қосбатырқызының оқушыларының сурет көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеде оқушылардың 80-ге жуық әр түрлі жанрда бейнеленген туындылары бар.
Айман Қосбатырқызы небәрі 7 жыл ішінде өзінің алдынан өткен жас жеткіншектерді көркем сурет өнеріне баулып, өз идеясын әсем түрде жеткізе білуге үйретті.
Сурет өнер көрмесі сайыстарына қатысып талай жүлдені қанжығасына байлады.
Айман Қосбатырқызы әрбір оқушысының ұлтжанды, отаншыл әрі биік парасат иесі қылып тәрбиелеу үшін аянбай еңбек етуде. Шәкірттермен бірге қайырымдылық шараларға белсене араласады. Ол өзінің және оқушыларының суреттерінен көрме ұйымдастырып, түскен қаржыны көмекке зәру жандарға тапсыруды дәстүрге айналдырып келеді. Қазіргі таңда Айман Қосбатырқызының сыныбында 300-ден аса жас суретшілер тәрбиеленуде. Өнер музейімен бірлесе өткізілген шараға келген меймандар көрмені қызыға тамашалады. Жас жеткіншектердің суреттеріне тәнті болып, ризашылықтарын білдірді.