«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

Темірбек Мұхтаровтың «ӘЛЕМ. ӨНЕР. ӘСЕР» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті

2022 жылдың 25 наурыз күні 15:00-де Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», Атырау облыстық Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың «ӘЛЕМ. ӨНЕР. ӘСЕР» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті.

Шараның мақсаты: суретші, педагог, сценограф, журналист, өнертанушы Темірбек Мұхтаровтың өнер әлеміндегі шығармашылығын насихаттау, жеке қорында сақталған туындыларымен көрерменді кеңінен таныстыру.

Темірбек Мұхтаров Мәжитұлы 1968 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол (Кулагино) ауылында дүниеге келген.

А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық интитутының түлегі. Көркемсурет-графика факультетін Сейтимов Айбар Ғалымұлының класынан бітірген. Дәстүрлі емес бағыттағы алғашқы көрмесін институт қабырғасында өткізген.

Еңбек жолын 1993-1997 жылдар аралығында Кулагино ұлттық гимназиясында сынып жетекшісінен бастаған. Квалификациялық мамандығы бойынша бейнелеу өнері, сызу, еңбекке баулу және дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі қызметін атқарған. «Жасыл желек» авторлық жұмысын ұлттық гимназияда сабақ, үйірме, тәрбие жұмыстарының бағдарламасына енгізген.

1997-2005 жылдары дарынды балаларды оқытатын Атырау облыстық Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясында жалғастырады. Жалпы білім беру пәндері бейнелеу өнері мен сызудан және мамандық сабақтар сурет және живопись пәндерінен дәріс берген. Мектеп ішін безендірумен айналысқан. Дәстүрлі емес бағытта «Жасыл желек» авторлық бағдарламасын облыстық педагогикалық оқулар мен сынақтарда қорғап мектеп ішінен «Жасыл орда» сынып бөлмесін жасақтап, «жасыл отряд» құрған. «Білім кеңістігіне саяхат», «Жасыл акция», «Менің жасыл бағым» көрмелерін облыс көлемінде өткізген. Соның нәтижесінде театрға шақырту алған. Махамбет атындағы қазақ драма театрында ұзақ жыл қоюшы суретші, көркемдік қойылым бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

2013 жылдан театрдың бас суретшісі. 2005 жылы «Театр суретшісі» курсын (Алматы), 2015 жылы «Өнертану» курсын (Алматы Т.Жүргенов) оқыған. Темірбек Мажитұлы өнертану бағытында қалам тербеп жүрген білікті маман. Оның театр, өнер туралы мақалалары облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Оның құрастыруымен театр қойылымдары жөнінде бірнеше брошюралар, «Ұстаз-бағбан», «Сағыныш» атты кітаптары жарық көрді. Бірнеше облыстық, республикалық суретшілер көрмелеріне, Халықаралық театр фестивальдеріне қатысқан, дипломант, лауреат.

2015 жылы Р.Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалінде Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымымен қатысып, екінші орынды иеленеді.  

2017 жылы, ақпан айында Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры Ресейге гастрольдік сапармен барып, Мәскеудің «Модерн» театрында қазақша Г.Пряхиннің «Тергеу» деректі драмасын, 2017 жылдың маусым айында Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» халықаралық театр фестиваліне Еврипидтің «Медея» қойылымымен қатысып «Современное прочтение античной темы» номинациясы үшін лауреат атанады. Осы жылдың шілде айында Астана қаласына «Экспо-2017» Халықаралық көрмесіне халықтар достығын насихаттайтын М.Отарбаевтың «Баянды бақ» қойылымы Астана жұртына, қала қонақтарына көрсетіледі. 2017 жылдың қыркүйек айында Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген Ә.Сығайдың 70 жасқа толуына орай ХХV республикалық театрлар фестиваліне Р.Отарбаевтың «Бас» қойылымымен қатысып «Өзекті тақырыпты көтергені үшін» номинациясымен лауреат атанады. Түркияның Астанасы Анкара мен Афшин, Малатья сияқты екі үлкен қаласында қойылған М.Отарбаевтың «Баянды бақ» және Р.Отарбаевтың «Жасын ғұмыр» қойылымдарымен өнер көрсетуі – Атырау театрының мерейін асқақтатып биік белеске көтерді. Театр репертуарында 50-дің үстінде қойылымдар мен облыстық деңгейде театрландырылған, шығармашылық шаралар мен Халықаралық, Республикалық фестивальдердің бас суретшісі болған.

2018 жылы Республикалық деңгейде «Суретші көзімен» атты творчестволық бенефис, театрландырылған инсталляциялық-перформанс көрме өткізген. Жұмыстары өнертанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болған.

2020 жылы «Халықаралық талант сыйлығының лауреаты» атағын, «Білім және мәдениет саласының үздігі», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалдерімен, 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған. «Р.Отарбаев атындағы арнайы жүлде» иегері.

Т.М.Мұхтаровтың қоюшы суретші ретінде сахналаған қойылымдары шетелдердің бірнеше қалаларына гастрольдік сапарларға, фестивальдерге шықты. Бірнеше Республикалық, Халықаралық театр фестивальдерінің бас жүлделерін, Гран прилерін иеленді. Атап айтқанда, Крымда өткен Халықаралық театр фестиваліне апарылған Б.Шоудың «Клеопатра» драмасы Гран-при иеленсе, Түркияның Анталья қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінен Р.Отарбаевтың «Жалғыздық» қойылымы жүлделі оралды. Осы қойылымдардың қоюшы суретшісі, бәрінің басы-қасында жүрген театрдың бас суретші Т.Мұхтаровтың үлесі зор.

2021 жылы ашылуы мен театрландырылған қойылымы Махамбет театрында «Ұлық-ұлыс – Алтын Орда» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары дәрежеде өтті. Театрдың хас бетінен бастап, кіре беріс холл, фоелерге, сахна сияқты бірнеше локациялық орындардың декорациялық-инсталляциялық шешімдері мен композициялық құрылымы мен көркемдік деңгейіне басшылық жасаған Т.Мұхтаровтың еңбегі жоғары бағаланды.  

Автордың осындай теңдесі жоқ тың туындылары қойылған бүгінгі көрмені салтанатты түрде ашу үшін сөз Атырау облысы Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлына берілді. Кеш барысында Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры Жәменов Берік Қилекешұлы, Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Мұханғали Томанов көрменің ашылуымен құттықтады. «Әлем.Өнер.Әсер» атты театрландырылған сурет көрмесінің лента қию рәсімінен соң, көрермендер көрмені тамашалады.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ