2022 жылдың 29 сәуір күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы Өнер музейінде балалар мен жастар аудиториясына бағдарланған патриотизмге, бірлік пен келісімге үндейтін ұлттық образдардың үздік көрнекі графикалық бейнелерін анықтау бойынша «Патриотизм – ұлттық рух» тақырыбындағы суретшілердің облыстық байқау-көрмесі өтті.
Шараның мақсаты: Балалар мен жастар аудиториясына бағдарланған патриотизмге, бірлік пен келісімге, ынтымақтастыққа үндейтін ұлттық образдардың үздік көрнекі графикалық бейнелерін анықтау; «Қазақстан Республикасының жастарына үздіксіз тәлім-тәрбие беру тұжырымдамасында» тәрбиенің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, иманды, ақылды, парасатты, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, талғамы жоғары және бойында тағы да басқа ізгі қасиеттері бар азаматты тәрбиелеу деп белгіленген. Тәрбиенің негізгі міндеттерінің ішінде патриоттық тәрбие ерекше орын алады. Бұл орайда графикалық жанрмен берілген «ұлттық образдар» бейнесі ерекше мәнге ие. Бейнелеу өнері саласында графика жанрымен айналысатын облыс өңіріндегі суретшілердің басын біріктіріп, бейнелеу өнерінің осы түрін насихаттау, қоғамға суретшілердің жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру; Қылқалам шеберлерінің шығармашылық өзара іс-қимылына ықпал ету.
«Патриот» сөзі грек тілінен аударғанда «Отан», «Отаншылдық» деген ұғымды білдіреді. Отан алдындағы міндеттемелер — бұл жомарт сезім, ол қазақстандық патриотизмге қатысты. Бүгінгі таңда айырықша маңызды болып табылатын патриотизм ұғымы, тəуелсіз еліміздің ғаламдық өркениет ортасынан өзінің лайықты орнын алған ерекше сезім.
Патриотизмге, бірлік пен келісімге, ынтымақтастыққа үндейтін суретшілер арасындағы облыстық байқау-көрмесін салтанатты түрде ашқан Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы «Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы» екендігін атап өтті. Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Әрбір азаматтың бойына тәуелсіз әрі қуатты мемлекетті қалыптастыруға қатысым бар деген патриоттық сезімді ұялата отырып, бірлік пен келісімге, ынтымақтастыққа үндеу мақсатында ұйымдастырылған «Патриотизм-ұлттық рух» атты суретшілер арасындағы облыстық байқау-көрмеге 10 суретші қатысты. Байқау-көрмені сараптаған әділқазылар алқасының төрағасы ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Лондон қаласының шығармашылық гильдиясының мүшесі Баяндин Әділғали Сарсенұлы.
Әділқазылар алқасының мүшелері ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, 2003 жылғы VI халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің Гран-при иегері Жұмабаева Эльмира Махметқызы.Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің «Қорларды ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету» бөлімінің меңгерушісі Шахманова Роза Қабдырашқызы. Комиссия төрағасы Баяндин Әділғали Сарсенұлыпатриотизм туралы және байқау-көрме туралы өз ойын айтып, сөз сөйледі.
Байқау көрмеде 3 суретші жүлделі III орынмен, 2 суретші жүлделі ІІ орынмен марапатталды. Атап кететін болсақ,
Жүлделі ІІІ орын иегерлері қаржылай 400 000 теңге жүлде қорымен Джангужиев Мирас Жұмабайұлы «Бату хан, Алтын орда», «Баланы жастан...» туындыларымен; Кендір Отарбай Қанатұлы Диптих. «Қазақтың қос қыраны». «Қаһарман қыз - Хиуаз», «Қос жұлдызды батыр - Талғат» туындыларымен; Тулеуов Дидар Амандықұлы «Х.Досмұхамедов бейнесі», «Л.Асанова бейнесі» туындыларыменмарапатталды.
ІІ орын иегерлері қаржылай 500 000 теңге жүлде қорымен Отаралиев Айса Бақтиярұлы «Құс жолы», «Бабалар мұрасы» туындыларымен; Кисметов Талғат Геннадийұлы «Бес арыс», «Ақын-Фариза» туындыларымен марапатталады.
Кеш соңында «Патриотизм-ұлттық рух» тақырыбындағы облыстық байқау-көрмесін ашу үшін лента қию рәсімі өткізілді. Көрермендер байқау-көрме туындыларымен танысты.