2022 жылдың 18 мамыр күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Музей түні» шарасы ұйымдастырылды. Жыл сайын 18 мамырда бүкіл әлемнің барлық музей қызметкерлері кәсіби мереке – Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. "Музей түнінің" негізгі ұраны көрермендер үшін ашықтық пен қолжетімділік болып табылады.
Іс-шараның мақсаты - өнерді дәріптеу, келушілердің, әсіресе жастардың назарын музей ісіне аударып, жаңаша қарау, көрме залдарын жандандыру және ұмытылмас мерекені ұйымдастыру, көрермендердің музейге келу мәдениетін қалыптастыру, көпшілікті қызықтыратын думанды сәттерді ұйымдастыру.
Бағдарлама барысында Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының эстрадалық әншілерінің және «Айман-Шолпан» студиясы оқушыларының концерттік бағдарламасы келушілер назарына ұсынылды. Сондай-ақ саксафоншы Ералыхан Ғизатов және скрипкашы Муслим Әубекеровтың орындауындағы әсем әуенді келушілер жылы қабылдады. Қолөнершілер Әсел Ерфакқызының, Мирамгүл Жақсылықованың саз балшықтан құмыра жасаудан өткен шеберлік сағатына көпшілік қызығушылықпен қатысып, ризашылықтарын білдірді. «Құмыра жасау әдісі – ұзақ уақыт алатын процесс, ол адамнан ыждаһаттылықты, жауапкершілікті және табандылықты талап етеді», - дейді қолөнерші өз сөзінде. Жергілікті қылқалам шеберлері келушілердің өз портретін салса, жергілікті қолөнер шеберлері әсіресе жастар арасында «тренд» өнімге айналған «сәнді тақияларды» жарнамалады.
Музей түнінде қала қонақтары мен тұрғындарды, әсіресе музейдің жас көрермендерін тәнті қылған сурет салу шеберлік сағаты болды.Шара барысында музей залында дайындалған викториналық сұрақтар мен зергерлік, қолөнер, кәдесый бұйымдарының жәрмеңкесі өткізіліп, белсенді қатынасушыларға сыйлықтар табысталды.