«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Кескіндеме кеңістігі» атты музей қоры туындыларынан жасақталған көрменің ашылу салтанаты

2022 жылдың 23 мамыр күні сағат 11.00-де Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі Орталығында» «Кескіндеме кеңістігі» атты музей қоры туындыларынан жасақталған көрменің ашылу салтанаты өтті.

Мақсаты: Қазақстан бейнелеу өнері мен Атырау Өнер музейі қоры туындыларын кеңінен насихаттау, рухани құндылықты жаңғыртып, Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлау; Ш.Сариев атындағы Өнер музейі мен «Ұлы Дала Елі Орталығы» арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Көрмеге Ш.Сариев атындағы өнер музейі қорындағы  Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің  заманауи өнер туындылары  ұсынылып отыр. Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын, қоғаммен бірге дамыған өнер әр кезеңнің өшпес ізін қалдырып отырды.  Әр түрлі шығармашылық сипаттағы және әр түрлі темпераментті суретшілердің өз талантын күрделі және көп қырлы техникада қалай суреттелетінін экспозиция айқын көрсетеді.

Көрмеде КСРО Суретшілер Одағының мүшелері Ш.Сариевтің, Ж.Шарденовтың, С.Романовтың, М.Калимовтың және жергілікті қылқалам шеберлері Қ.Досниязовтың, Ж.Аралбаевтың, М.Давлетьяровтың, Қ.Амановтың, С.Кәрібайдың, Р.Слекеновтың  және басқа да көптеген суретшілердің туындылары көрермен назарына ұсынылды.

Көрмеге қойылған барлық жұмыстар ерекше дарын иелерінің ой ұшқырлықтары мен асқан шеберліктерінен туындаған туынды болып табылады. Олар негізінен портрет, пейзаж сынды кеңінен тараған жанрларда орындалған. Барлық авторларға тән ортақ ұқсастық – табиғи және заттық әлемнің әсемдігі мен құпия сырларын ашуға деген қызығушылық, туған жерге деген махаббат.

Шаймардан Сариев өнер жолын алпысыншы жылдардың суретшілері қатарында бастаған, өзіндік стильді қалыптастырған шоқтығы биік тұлға.  Оның шығармашылық ізденістері кескіндемедегі шығыс пен батыс дәстүрлерін зерттеп, синтездеуге бағытталды. Ол жанрлық көріністерді пайдалана отырып, ұлттық, дәстүрлі өнердің сәндік жүйесіне және постимпрессионистердің көркемдік жүйесіне сүйенді. Шаймардан Сариевтың «Мүсінші Ө.Шанов» шығармасы суретші шығармашылығында маңызды орын алады, өйткені суретші досын, өзіне жақын адамын кенеп бетіне түсірген. Сондықтан бұл сурет ерекше энергияға толы.

Әр түрлі кезеңдегі туындылар Қазақстандық шығармашыл тұлғалардың даму эволюциясын байқауға мүмкіндік берді. Жанатай Шәрденов өзінің күшті, серпінді бояу жағысымен, яғни суретті салу мәнерінің өзгешелігімен ерекшеленеді.  Ол бояуды қалың жағу арқылы ерекше бейнелеуі өнер тарихы жылнамасының жаңа парағын өмірге келтірді.

Бірегей суретшілер социалистік  реализмнің  дәстүрлі тақырыптарындағы өнер қайраткерлерін, еңбек адамдарын көрсетіп алуан қырынан аша білді. 

Мұхит Қалимовтың «Алма ұстаған қыз», «Аспирант Қ.Асқанбаева», Сахи Романовтың «Айжан досымен», «Әйел портреті»,  Амандос Ақанаевтың «Мәңгілік әуен», «Тыныштық»,  Тұрсын Әбуовтың «Байменнің атақты шопандары» туындыларында ұлттық дүниетаным басым, халық өмірінің тыныс-тіршілігі мен бояулар үйлесімділігі, туған жер табиғаты шабытпен бейнеленген. Белгілі суретші Иван Стадничук портрет жанрына жақын. Бейнеленген бейне ым-ишараның, қозғалыстың бірегейлігінде немесе жақын түстердің гармоникалық үйлесімінде байқалады. Портреттердің әрқайсысында адам мен әлем сұлулығын ынтамен қабылдайтын суретшінің өзіне жақын романтикалық ағыны айқын білінеді. Кең байтақ еліміздің даласы мен қала пейзаждары, тау мен жайылымын бейнелеген туындылар Валентина Фролова, Саркис Саносян, Анатолий Горовых шығармаларында берілсе, бүгінгі күннің суретшілері Илья Жақановтың «Толағай», «Каспий кеші», Сейсенхан Маханбетовтың «Теңіздегі аласапыран» атты шығармаларында табиғат өте әсерлі, көңіл-күйді жеткізуге мүмкіндік берген.  Табылды Мұқат   шығармашылығында тарихи тақырыпта жазылған «Исатай-Махамбет» туындысы ішкі сезім мен ерекше мінезге толы. Суретшінің өз халқының ұлттық тарихи дүниесін, дәстүрін бойына сіңіре отырып бейнелеген ауқымды шығармасы.

Сембіғали Смағұловтың «Аңыз»,  Сәдір Кәрібайдың «Атырау көрінісі» атты көркем шығармалары шығармашылық ізденістің философиялық бағыты, символдық рәміздермен бейнеленген, өткен мен қазіргі уақыт арасындағы дәстүрлі қасиетті коммуникативті байланыс әдісі.

Реалистік кескіндеменің ұлттық нақышын таба білген суретшілер Қамбарбек Амановтың «Батыс даласында. Қыз қуу»,  Кендір Отарбайдың «Құрақ көрпе», Жоламан Аралбаевтың «Қалыңдық»,   Мұхтар Бекеновтың «Сарайшық» атты шығармаларында  туған жер, ауыл туралы естеліктер, мәңгілік рухани құндылықтар туралы ойлары ерекше   көрсетілген.

Рафаэль Слекеновтің «Ақ Жайық», Манарбек Давлетьяровтың «Таңғы Жайық» тақырыбындағы туындыларында туған жердің табиғаты қаз-қалпында, ерекше ықыласпен берілген. Өйткені шығармашылық жылдарында суретшілер көркем дүниетанымның өзіндік үлгісін қалыптастырды. Олар қоршаған ортадан көп нәрсені ұғына отырып, өздерінің көркем арсеналын жаңа әсерлер мен сезімдермен толықтыруға тырысады. Өмір мен табиғаттың энергиясы анық сезіледі. Пейзажға деген шексіз сүйіспеншілік кескінге шынайы және құрметпен қарауға ықпал етеді.

 «Кескіндеме кеңістігі» көрмесі  бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда кескіндеме жаухарларын көріп, түсінуге мүмкіндік береді.

«Ұлы Дала Елі Орталығында» ұйымдастырылып отырған бұл көрмеге Ш.Сариев атындағы өнер музейі қорындағы  Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің  45 заманауи өнер туындылары  ұсынылып отыр.

Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы аталған шараның мақсаты екі мәдениет ордасы арасындағы байланысты нығайту екендігін, осындай шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен түркістандық әріптестерге ізгі тілегін жолдап,  Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі Орталығының» басшысына Алғыс хат табыс етті.  Салтанатты шарада   Түркістан облысы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханов сөз алып, биыл Рухани өлке атанған Түркістан қаласына Атырау облысы ең  бірінші жылжымалы көрме өткізіп жатқандығын тілге тиек етті. Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі Орталығының» басшысы Дюсенбаева Гүлжанат Ибраһимқызы көрме жұмысына сәттілік тіледі. 

Көрме маусым айының 5-іне дейін жалғасады.

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ