«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Жылдар жаңғырығы жадымызда» тақырыбындағы музей қорынан көрме мен тақырыптық дәріс-сағаты ұйымдастырылды

2022 жылдың 31 мамыр күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «31 мамыр – «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» арналған «Жылдар жаңғырығы жадымызда» тақырыбындағы музей қорынан көрме мен тақырыптық дәріс-сағаты ұйымдастырылды. Аталған шараға «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК «КСРО-дағы қуғын-сүргін: Прорва және Астрахань лагерлері (1932-1950 жж.)» атты арнайы көрмесін әкелді.

Екі музей ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты: саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, зобалаң жылдарда жазықсыз атылған қазақ зиялыларын ұрпақ санасында жаңғырту, патриоттық тәрбие беру, музей қорында сақталған туындыларды насихаттау. Сондай-ақ «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» арнайы көрмесінің мақсаты КСРО көлемінде ГУЛАГ жүйесіне енген Прорва-Астрахань еңбекпен түзету лагерлерінің тарихын зерделеу. Сонымен бірге тоталитарлық жүйенің адамзат тарихындағы азабын анықтау, өткеннен тағылым алуды көздейді.  

Қазақстанда 1997 жылдан бері жыл сайын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1993 жылы сәуірдің 14-інде жаппай саяси қуған-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Күні бүгінге дейін саяси репрессия құрбандары ақталмағанымен жан жарасы толықтай жазыла қойған жоқ. Атап өтейік, саяси қуған-сүргін құрбандары атанғандардың ішінде Алаш арыстары атанған Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды бабаларымыз бар.

1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.

Өнер музейі қорындағы туындылар халық суретшісі С.Романовтың «Ақын өлімі», «Ұжымдастыру», КСРО Суретшілер одағының мүшелері Н.Гаевтың «І.Жансүгіров», И.Исабаевтың «І.Жансүгіров», М.Қалимовтың «Қайран, шешем» және А.Ғұбашевтің «Шәкәрім», Т.Қисметовтың «Бес арыс» туындылары қойылды.

«КСРО-дағы қуғын-сүргін: Прорва және Астрахань лагерлері (1932-1950 жж.)» атты арнайы тақырыптық көрме «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырыс шеңберінде гранттық қаржыландырылған «ГУЛАГ жүйесіндегі Прорва және Астрахань лагерлері: «тарих, естелік, тағылым (1932-1950 жж.)» атты ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның жетекшісі: тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұлжан Төлегенқызы Ахметова.  

Прорва еңбекпен-түзеу лагері 1932 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданының аумағында құрылған. 1950 жылдың қаңтарына дейін қызмет атқарды.

Көрмеде Ресей Федерациясы Мемлекеттік архиві, Ресей Федерациясы Астрахань облысы Ішкі Істер Министрлігі Басқармасы Ақпараттық орталығы, Атырау облысының Полиция департаменті Арнайы мемлекеттік архиві, Атырау облыстық мемлекеттік архивінен табылған тарихи құжаттар, сонымен бірге, Прорва-Астрахань лагерлері орналасқан жеріне «Сарайшық-Прорва-Бұрыншық-Құлсары-Атырау-Сарайшық» зерттеу экспедициясы нәтижесінде табылған жәдігерлер, Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі қорындағы тақырыптық картиналармен қойылған.

Көрменің міндеті 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күнінде жоба бойынша жинақталған архивтік деректік құжаттармен таныстыру; - далалық-барлау, ғылыми зерттеу экспедициясы қорытындыларының нәтижесін облыс жұртшылығына ұсыну. Шараға қала тұрғындары мен қонақтары, оқу орындарының студенттері қатысты.

 

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ