2022 жылдың 2 маусым күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде 4 маусым – «Мемлекеттік рәміздер күніне» орай «Рәміздерім – мақтанышым» атты тақырыптық дәріс-сағаты өтті.
Шараның мақсаты: Балалардың мемлекеттік рәміздер туралы түсініктерін нығайту. Рәміздердің тарихтағы маңызы жайлы деректермен таныстыру.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.
Шараға «Еркемай өнер мектебінің» оқушылары қатысты. Балалар мемлекеттік рәміздер туралы дәріс-сағатты тыңдап, өз білімдерін жетілдіре түсті. Шара барысында мемлекеттік рәміздердің бірі – Әнұран шырқалды. Сонымен қатар, балалар домбыра тартып, ән шырқап, би билеп өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында қазақ тіліндегі экскурсия жүргізушісі Аида Маратқызы музей залдарынан экскурсия жүргізді.