«Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Атырау облыстық
Шаймардан Сариев атындағы
көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі» КМҚК

«Тарих шерткен Сарайшық» атты кәсіпқой суретшілер арасында Республикалық симпозиум өткізілді

2022 жылы 12-17 маусым күндері аралығында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі   басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Тарих шерткен Сарайшық» атты кәсіпқой суретшілер арасында Республикалық симпозиум өткізілді. 

Симпозиумды ұйымдастырудағы басты мақсат:  бір кездері қазақ мемлекетінің тұңғыш астанасы болған Сарайшық туралы, тарихи деректер сыр шерткен кезеңді көрсету, Алтын Орда тарихының кезеңімен таныстыру, төл тарихымызды тану, туризмді дамыту, оған қолдау көрсету. Симпозиумда бас қосқан   Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері,  мәдениет саласының үздіктері, талантты қылқалам шеберлері, барлығы 15 суретші өз туындыларында өзен суына шежіресі тұнған, топырағына сар даланың сансыз жәдігерлері, қабырғаларына жұмбағы жасырынған киелі өлке – Сарайшық тарихына кеңінен тоқталып,  кескіндеме өнері арқылы халыққа жеткізді.  «Тарих шерткен Сарайшық» симпозиумына қатысушылар маусымның 13-і күні ортағасырлық көне қала «Сарайшыққа» саяхатқа барып, ежелгі қаланың сұлулығына, таңғажайып орынның тарихына куә болып келді. Алдымен суретшілер археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орында болды. Мұнда экскурсияны «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері – Жүніс Байғалиев жүргізді. Қылқалам шеберлерін қызықтырған қаланың пайда болуы және Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан қаланың керуен-сарайларды қалай қарсы алып, өрлеп, дамығаны, кейін қаланың күйреуі туралы мәліметтер, аңыз-оқиғалар болды. Экскурсия кейін жеті хан жерленген «Хан ордалы – Сарайшық» пантеонында жалғасты. Биіктігі 17 метр болатын сегіз қырлы ғимаратта жеті хан жерленген делінеді. Сол жерде қонақтарды «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы Әбілсейіт Мұхтар қарсы алды. Бұл жерде суретшілер музей-қорықтың өзінде болып, Сарайшық елді мекенінің жәдігерлерімен танысты. «Тарих шерткен Сарайшық» Республикалық симпозиумына қатысушы қылқалам шеберлерінің 2-ші жұмыс күні арнайы студияда жалғасты. Суретшілер сары айшықты Сарайшықтың сән-салтанатын, сыр тұнған тарихи дәуір кезеңін кенеп бетіне үлкен ықыласпен, асқан шеберлікпен жаза түсті. Әр туынды өзінше сөйлейді, өзінше сыр шертеді. Тақырып ортақ, ал тұтас туындыдағы берілген композиция көркемдік, шеберлік жағынан сол кезеңдегі, сол дәуірдегі әртүрлі деректер, тарихи мәліметтер, аңыз-оқиғалар негізінде бейнелеген. Сол күні симпозиумға қатысушылар жұмысымен Атырау облысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мира Дәулетбаева, Атырау облысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева және аталған басқарманың бас маманы Толыбай Достыбаев танысты. Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің қоры тағы бір керемет, ғажайып тың туындылармен толыққалы тұрғанын жеткізді.

Маусымның 13-15 күндері студиялық шеберханада Сарайшық тақырыбына жасалған эскиздік жұмыстарды кенеп бетіне түсіріп, композиция жасады.

Маусымның 16-сы күні симпозиум барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. «Тарих шерткен Сарайшық» атты суретшілердің     симпозиумынан  түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қыстаубаева Асия Баянқызы салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Барлық қатысушыларға Атырау облысы әкімі  Серік Жамбылұлы Шәпкеновтың атынан симпозиумға қатысушыларға   арналған арнайы алғыс хат және 350 мың теңгелік сертификатты табыс етті. Салтанатты шарада  Қазақстан және Қырғызстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат», «Дәнекер», «Отан» ордендерінің иегері Илья Жақанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, «ҚР мәдениет қайраткері», Қазақстан Республикасының Көркем академиясының академигі Маханбетов Сейсенхан Орынбекұлы, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Лондон қаласының шығармашылық гильдиясының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Баяндин Әділғали Сәрсенұлы сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қылқалам шеберлерінің қатысуымен өткен симпозиумда сары айшықты Сарайшықтың сән-салтанатын, сыр тұнған тарихи дәуір кезеңін кенеп бетіне үлкен ықыласпен, асқан шеберлікпен түсірілгендігі, бұл мәдениетке деген  үлкен құрмет екендігін атап өтті. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры тағы бір кенептегі келісті қала, құпиялы орда Сарайшық туралы сипатталған  тарихи тақырыптағы  30 тың туындымен толықты. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен кейін музей меймандары көрмені тамашалады.

 

Жұмыс кестесі

КҮНІ
УАҚЫТЫ
Дүйсенбі
9:00–18:30
Сейсенбі
9:00–18:30
Сәрсенбі
9:00–18:30
Бейсенбі
9:00–18:30
Жұма
9:00–18:30
Сенбі
9:00–18:30
Жексенбі
9:00–18:30
Түскі үзіліс
13:00–14:30
Телефон:
+7 (7122) 35-48-03
Электронды мекен жай:
muzei92@mail.ru
Мекен жай:
060002, Атырау қаласы,
Азаттық даңғылы, 11
Designed by TORUS.KZ