2022 жылы маусым айының 27 мен шілде айының 1 күндері аралығында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» атты кәсіпқой суретшілер арасында Республикалық симпозиум өткізілді.
Симпозиумды ұйымдастырудағы басты мақсат: Ұлттық домбыраны елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де танытқан тұлғаларды таныту, насихаттау; домбыра аспабының тарихымен таныстыру; қазақтың халық шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге қолдау көрсету. Симпозиумда бас қосқан Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, мәдениет саласының үздіктері, талантты қылқалам шеберлері, барлығы 15 суретші өз туындыларында қазақ халқының ұлттық аспабы, қазынасы, құнды мұрасы – домбыра туралы, атақты күйшілер, өнер тарландары туралы ізденген білімін кенеп бетіне түсіруге үлкен әсермен, тың шабытпен кірісті.
«Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» симпозиумына қатысушылар маусымның 27-і күні «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасөз клубында журналистермен жүздесіп, баспасөз конференциясын өткізді.
Кездесуге келген қылқалам шеберлері Алматы қаласынан «ҚР Суретшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы, Қызылорда қаласынанҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кененбаев Амангелді Кененбайұлы, Атырау қаласынан КСРО Суретшілер Одағының, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының мүше-корреспонденті, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аманов Қамбарбек Хасенұлы және Шымкент қаласынан келген «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қансейт Қарлығаш Лесқызына БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, симпозиумның маңызы мен мақсатына байланысты тұщымды жауап алды.
Маусымның 28-29 күндері аралығында студиялық шеберханада Домбыра тақырыбына жасалған эскиздік жұмыстарды кенеп бетіне түсіріп, композиция жасады. Домбыра – қазақ халқының көне аспабы. Домбыра – тәрбие мен білімнің кілті. Ал кенеп бетінде қасиетті домбыра аңыз болып төгілсе, күй болып күмбірлейді, әсем әуен болып қалықтайды, алуан түрлі сыр болып жүректерге жетеді.
Атырауда өткен «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра» атты Республикалық симпозиумға қатысушылар Атырау өңіріндегі қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштер мен тарихи орындарда болып, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде және ортағасырлық көне қала «Сарайшыққа» саяхат жасады. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан орында болып, ежелгі қаланың сұлулығына, таңғажайып орынның тарихына куә болып келді.
Маусымның 30-ы күні симпозиум барысында салынған жұмыстардан көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» атты суретшілердің симпозиумынан түскен тың туындылар қойылған көрмені Атырау облысы, Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Толыбай Достыбаев салтанатты түрде ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбаев Қайрат Есқабылұлының атынан барлық қатысушыларға арнайы алғыс хат табыс етті. Барлық суретшіге 350 000 теңге стипендия берілді. Салтанатты шарада ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері – Кененбаев Амангелді Кененбайұлы және Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, "Мәдениет саласының үздігі" Қансейт Қарлығаш Лесқызы сөз алып, республиканың түкпір-түкпірінен келген және атыраулық қылқалам шеберлерінің қатысуымен өткен симпозиумда жан-дүниемізді байытатын, рухани байлығымызды кеңейтетін тың туындылар асқан шеберлікпен түсірілгендігі, бұл мәдениетке деген үлкен құрмет екендігін атап өтті. Осылайша Өнер музейінің алтын қоры тағы бір кенептегі домбыра тарихымен сипатталған тың тақырыптағы 30 туындымен толықты. Көрменің салтанатты ашылуына арналған лента қию рәсімінен кейін музей меймандары көрмені тамашалады.