2022 жылдың 10 тамыз күні Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «10 тамыз – Абай күні» атаулы күнге орай музей қоры туындыларынан «Ұлы ақынның ұлттық мұрасы» атты шығармашылық көрме өтті.
Шараның мақсаты: Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт-бағдары туралы түсінік беру. Ақын шығармаларын, оның терең мағыналы философиясы мен шығармашылығының негізі – адам тәрбиесі екендігі туралы насихаттау. Ұлтымыздың ұлы ақынын ұлағаттау – Абай Құнанбаевтың шығармашылығына, тілге, әдебиетке, мәдениетке деген жанашырлық, үлкен құрмет. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты Абайдың шығармашылығына қатысты қызығушылықты арттыру, кейінгі өскелең ұрпаққа Абайдың қадір-қасиетін, бай мұрасын жеткізу. Ш.Сариев атындағы Өнер музейінің қорындағы Абай туралы туындылармен таныстыру.
Абай - мәңгілік тақырып. Әр ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол. 2021 жылғы қазан айының 7-сі күні Ш.Сариев атындағы өнер музейінде «Сурет әлеміндегі Абай мұрасы» атты суретшілердің республикалық сумпозиумы өтіп, оған әр өңірден белгілі 20 қылқалам шебері қатысқан болатын. Олардың жазған 40 картинасы біздің музей қорына алынды. Симпозиум барысында түскен тың туындылардың бірқатары музей жанындағы бейнелеу өнер студияның оқушыларына таныстырылды. Көрмеге Ерзат Болатханның «Абай, «Қараңғы түнде тау қалғып...», Рафаэль Слекеновтың «Ақынның жалғыздығы, тастармен сырласу» және басқа да туындылар қойылды.