2022 жылы 18 тамыз күні Атырау обылыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы - сәндік өнер музейінде суретші Әбдірашит Сыдыханов Аронұлының 85 жасқа толуына орай «Суретші әлемі сыр шертеді» тақырыбында шығармашылық көрме өтті. Көрмеде суретшінің «Жер бесік», «Арал», «Қарағалардың бақташысы» т.б туындылары қойылды. Қылқалам шебері қазақ бейнелеу өнерінің аса көрнекті өкілі, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің кавалері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Әбдірашит Аронұлы Сыдыхановтың (1937-2011) туғанына биыл 85 жыл толып отыр.
«Өнер – тек рухани тәжірибе алуда бар салмақты көтеруде, тұрмыстан, дәстүрден, күнделікті өмірден тыс өмір сүрмейді. Ол барлық нәрсемен қарым-қатынаста жүреді». Әбдірашит Сыдыхановтың кенептері қайталанбас асыл дүние. Өнертанушы Баян Барманқұлова: «Шебердің кескіндемелік шешімдердің батылдығы қиялдарды дүрліктіреді, қайран қалдырады, өнеріне бас иетіндер санын арттырады. Ол қазақша акценті бар әлем адамы. Сайын даладағы алып бәйтерек» деп, суретшінінің өзін қазақ даласының аңызына теңейді. Әбдірашит Сыдыхановтың өнері, бірден танылатын өзіндік қолтаңбасы, ұлттық коды мәңгі қазақ бейнелеу өнерінің тарихында сақталады. Қазіргі таңда ұлттық жаңғыру құндылықтарымызды, рухани байлығымызды, ұлттық мәдениетімізді ұғыну, зерттеп бағалау кезек күттірмейтін маңызды іс. Терең мағынаға бай қазақ елінің аңыздары мен белгілерін кенеп бетінде жан бітірген суретшінің шығармашылығы өнер әлемінде қайталанбас дүние болып қала бермек.