2022 жылдың 9 желтоқсан күні Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» арналған сурет көрмесі өтті.
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясымен (БҰҰ) жарияланды және жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. 2003 жылдың осы күні Мексиканың Мерида қаласында өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қол қою үшін ашылды.
БҰҰ Конвенциясы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кінәлілерді жазалау шараларын, сондай-ақ онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтарын қарастырады. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізуді, тиісті заңдарды бекітуді және осы құбылыспен күресу үшін арнайы органдар құруды міндеттейді.
Көрменің ашылуында Ш.Сариев атындағы Өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жахин Нұрлан Серікұлы сөз сөйледі.
Қонақтар мен студенттер Өнер музейінің II қабатында орналасқан экспозиция залындағы аталған көрмені тамашалады.
Көрмеге қазақстандық суретші Сағидолла Ахтановтың 11 жұмысы қойылды. Суретші осы тақырыпқа плакаттардың тұтас сериясын арнаған. Осылайша қылқалам шебері Сағи Ахтанов қоғамның әлеуметтік зұлымдығына өз көзқарасын білдіруді жөн көрді. Ол сатираның көмегімен медицинадағы, жол полициясындағы, саясаттағы, сот жүйесіндегі жемқорлықтың қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіретінін осылайша бере білген.